Үкіметте бизнес саласындағы негізгі мәселелер талқыланды

8 сәуір, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Үкіметте бизнес саласындағы негізгі мәселелер талқыланды
Фото: primeminister.kz

Үкімет аппаратында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Отырысқа мемлекеттік органдардың өкілдері мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері қатысты. Олар қазіргі реттеу ортасының жай-күйі мен бизнес саласындағы негізгі мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында бірқатар маңызды бағыттар бойынша реттеушілік әсерге жүргізілген талдаудың нәтижелері қаралды. Негізгі мәселелердің бірі жеңіл өнеркәсіп тауарларының таңбалануын және қадағалануын енгізу, сондай-ақ жоғары вольтты жабдықтарға қойылатын қауіпсіздік талаптарын белгілеу болды. Зияткерлік меншік құқықтарының объектілерін пайдалануды бақылау, сондай-ақ жоғары вольтты жабдықтың белгіленген стандарттарға сәйкестігін міндетті түрде растау мәселелері талқыланды.

Талқылаудың маңызды бөлігі кәсіпкерлік қызметте адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс тобының ұсынымдары болды.

Мемлекеттік реттеуші органдар мен комиссия мүшелері ұсынған тұжырымдар негізінде реттеушілік әсерге жүргізілген талдаудың нәтижелері қаралып, мақұлданды.

Серік Жұманғарин бизнес-қауымдастықтың хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік реттеуші органдарға енгізіліп жатқан реттеу құралдары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бұдан бөлек, отырыста бизнестің өзекті мәселелерін шешу үшін Ұлттық экономика вице-министрі төрағалық ететін әрі «Атамекен» ҰКП тең төрағалығымен жұмыс тобын құру ұсынылды. Бұл жұмыс тобы екі аптада бір рет тұрақты түрде бас қосып, әр сала бойынша кәсіпкерлер тап болатын мәселелерге назар аударатын болады.