Қызметінен кеткен бас бапкер Станислав Черчесов несімен есте қалды

27 қаңтар, 2025
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Қызметінен кеткен бас бапкер Станислав Черчесов несімен есте қалды
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып келген Станислав Черчесов қызметінен босатылғанын жазған болатынбыз. Осы орайда Elordainfo.kz сайтының тілшісі ресейлік маманның қызметіне шолу жасап көрді.

2024 жылдың 3 маусымында БАҚ беттерінде ресейлік маман Станислав Черчесовтың «2+2» келісімшартымен Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде тағайындалғаны жайлы ақпарат шықты.

    ⁃    Станислав Черчесов - Тәуелсіздіктен бері футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының 20-бас бапкері.
    ⁃    Станислав Черчесов - 61 жасында УЕФА Ұлттар Лигасында Норвегияға қарсы команданы тізгіндеген отандық футбол тарихындағы ең егде бапкер болды.
    ⁃    Ресейлік маман Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 6 матч (1 тең, 5 жеңіліс) өткізді. Бұл еліміздің тарихында ең аз матчқа қатысқан ТОП-5 бапкердің қатарына кіреді.
    ⁃    Станислав Черчесов тұсында ұлттық құрамасының қақпасына 3 жылдық үзілістен соң, Стас Покатиловқа сенім артылды. Одан бөлек, Ұлар Жақсыбаев, Асхат Балтабеков, Әділбек Жұмаханов, Жан-Али Пайруз, Ғалымжан Кенжебек дебюттік матчтарын өткізді.
    ⁃    Өкінішке қарай, осы маманның тұсында ғана Қазақстан ұлттық құрамасы қарсылас қақпасына мүлдем гол соқпады.
    ⁃    Қыркүйек айында әлемнің ең қымбат шабуылшысы саналатын Эрлинд Холанн бастаған Норвегия құрамасы Алматы төрінде Қазақстанмен 0:0 есебімен тең ойнады. Бұл жайт бүкіл әлемнің назарын аудартты.
    ⁃    Аstana Arena стадионының жөндеу жұмыстарына байланысты ұлттық құрама барлық кездесулерін Алматының Орталық стадионында өткізді.
    ⁃    Станислав Черчесов бас бапкер қызметіне келгеннен бастап журналистердің қазақ тіліндегі сұрақтарына берген жауаптары үшін басы дауға қалды.

Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айында ғана Қазақстан футбол федерациясы Станислав Черчесов келісімшарт бойынша қызметін жалғастырады деген ақпарат шығарған еді. Бір айдан соң қос тарап келісімшартты тоқтату бойынша мәмілеге келді.