00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Нұржан Батырбеков: Қалайда алтын алу міндеті тұрды

17 қазан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Нұржан Батырбеков: Қалайда алтын алу міндеті тұрды
коллаж Elorda.info

Ханчжоуда өткен жазғы Азия ойындарында Джиу-джитсудан ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені сыйлаған астаналық балуан Нұржан Батырбеков алдағы Республика күні мерекесі қарсаңында Elorda info сайтына жеңістен кейінгі көңіл күйімен бөлісе отырып, шағын сұхбат берді.   

Джиу-джитсу спорты жазғы Азия ойындарына 2018 жылдан бастап ғана кіргізілді. Өзіңіз Азия ойындарына негізгі дайындықты қашан бастадыңыз?   

Иә, алғаш рет сол 2018 жылы жерлестеріміз джиу-джитсу спортынан Джакартада өткен бәсекеде жүлдеге таласты. 62 келіде Дархан Нортаев пен 77 келіде Руслан Исраилов топ жарса, Нұржан Сейдуали (56 келі), Нартай Қажеков (69 келі), Ризат Махашев (94 келі) қола жүлдегер атанды. Сол сәтте Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте БАӘ-нен кейінгі 2-орынға тұрақтаған. Ол жарысты отандық каналдар көрсетпесе де, нәтижелерін интернеттен оқыдым. 2018 жылдан кейін Ханчжоудағы Азия ойындарына қатысуға ниеттеніп, тыңғылықты жаттығуды бастадым. 2022 жылы ақпан айында Қостанайда джиу-джитсудан ел чемпионатының қорытындысы бойынша Азия ойындарына спортшылардың іріктеу өтті. Сол жарыста 4 бірдей қарсыласымды жеңіп, Азиадаға жолдама алдым Алайда пандемия салдарынан байрақты бәсеке 2023 жылға шегерілді. Дегенмен, ел чемпионы ретінде былтыр баратыным белгілі болды.

 

Азия ойындары басталмас бұрын жаттықтырушылар мен өзге де жауапты орындар тарапынан қаншалықты сенім артылды?

Джакартадағы жетістігімізден соң, алтын алу міндеті тұратыны анық. Ханчжоудағы Азия ойындарына 8 салмақта 16 спортшы барғандықтан, 2 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде алу жоспарда болды. Чемпиондыққа үміткер ретінде ерлер арасында 2022 жылы әлем чемпионы атанған Руслан Исраилов пен әлем чемпионатының қола жүлдегері Дархан Нортаев саналды. Ал әйелдер арасында Галина Дувановаға сенді. 

Алайда жарыс нәтижесінде өздеріңіз көргендей, менен басқа үміт артқан спортшыларымыз, Галина Дуванова (57 келі) күміс, медаль алса, қалған Мансұр Хабибулла (62 келі), Серік Алдияр (69 келі) және  Мариан Урдабаевалар  (63 келі) қоланы місе тұтты. 

Джиу-джитсудан әлемде қай мемлекеттер мықты саналады? Азия құрлығында да бәсекелестік жоғары ма?

Әлемде Бразилия, АҚШ, Еуропаның біршама елдері үздіктердің қатарына кіреді. Ал Азия құрлығынан БАӘ-ні ерекше атап өтер едім. 2018 жылы да, 2023 жылы да бұл мемлекет Азия ойындарының жалпы есебінде көш бастады. Ханчжоудағы ерлер бәсекесінің статистикасына жүгінсек, ең көп белдесуді Біріккен Араб Әмірлігі өкілдерімен өткізіп, 2 жеңіс, 4 жеңіліс көрсеткішін тіркеппіз.

 

Джиу-джитсу спорты Олимпиадалық бағдарламаға кірмейді. Бірақ дәл осы бағытқа бет бұруыңызға не себеп болды?

14 жасыма дейін жүзу, футбол сынды спорттармен шұғылданып, шыдамдылық, шапшаңдық, реакция т.б маңызды қасиеттерімді жетілдірдім. Одан кейін әкем грэпплинг секциясына әкелді. 1 жылдай айналысқан соң, джиу-джитсуға бет бұрдым. Бұл таңдауыма өкінбеймін. 2018 жылы Азия ойындарына кірген спорт түрі алдағы уақытта Олимпиада бағдарламасына да кіретін шығар деп, үміттенемін. Азия ойындарына барғандардың арасынан Серік Алдияр (19 жаста) және мен (21 жаста) ең жасы саналдық. Сондықтан бұл жетістігіммен тоқтап қалмай, алдағы уақытта кәсіби түрде айналыса беремін.

 Бұл жеңісіңізді кімге арнайсыз?

Қытай төрінде 4 қарсыласымды жеңіп, жеңіс тұғырыма көтерілдім. Осындай жарысқа қатысуға мүмкіндік берген қазақ еліне алғысым шексіз! Азиаданың алтынын алдағы ұлық мерекеміз, Республика күніне арнадым. Баршаңызды алда келе жатқан төл мерекемізбен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! 

Cұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Қанат БАЙҰЗАҚОВ