Мұз, аяз және эйфория: Астаналық «морждар» суық суға түсуге шақырады
Астана қаласында ұйымдастырылатын жүгіріс шараларында үнемі жеңіл киіммен жүгіретін жандарды көреміз. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі «Бодрость» атты «морж» клубының басшысы Азамат Докумбаевпен сұхбаттасуды жөн көрді.
- «Бодрость» «морждар» клубы Астанада қашаннан бері бар? Жыл сайын қатарларыңыз артып жатқан болар?
1960 жылдан бері бұл клуб өз қызметін атқарып келеді. Қазіргі сәтте 300-дей мүшеміз бар. Шамамен 150-160 адам әр демалыста тұрақты түрде келеді. Жыл сайын қатарымыз артып жатыр. Неге? Біріншіден, біздің клубтың одан әрі танымал болуына әлеуметтік желінің дамуы әсер етті. Екіншіден, клуб мүшелері қаладағы жүгіріс және т.б. спорттық шараларға белсенді түрде қатысады. Аязды күні тек футболкамен жүгіретін адамдарды көрген жандар таңғалып, қызығушылықтары артады. Үшіншіден, көпшілік салауатты өмір салтын ұстану керектігін түсініп келеді. Мысалы, біршама жыл бұрын 50 жастан асқан адамдар денсаулығының қадірін түсініп, клубқа келсе, қазір жастар өте көп. Клубқа келушілердің орташа жасы 30-35-ті құрайды. Ең үлкені – 85 жастағы Мэлс Молдағалиев, ең кішкентайы – 5 жаста.
- Суға түсу уақыты қашан басталады?
Мұздың қалыңдығы қатты рөл ойнайды. Себебі қауіпсіздік бірінші орында болуы тиіс. 2023 жылы қыстың кеш түсуіне байланысты тек 23 желтоқсанда басталған еді. Осы жолы 10 желтоқсанда ресми ашылды. Судың тереңдігі – 3 метр. Белгіленген орын толықтай қоршаумен жабдықталған. Бір мезетте тек 2 адам суға түсе алады. Мұздың астына кетіп қалу қаупі жоқ.
- Клубқа мүше болу үшін қандай да бір талаптарыңыз, жас шектеуі бар ма? Аптасына неше мәрте жиналасыздар?
18 жастан асқан кез келген адам клубымызға мүше бола алады. Ал кәмелеттік жасқа толмағандар тек ата-анасымен бірге келуі тиіс. Бірінші кезекте қызығатын жан өзінің ағзасын біліп, дәрігерлердің кеңесін алғаны жөн. Алдымен үй жағдайында суық душты қабылдап, дайын болыңыз. Клубымыз әр аптаның сенбі және жексенбі күндері Атырау көпірінің қасында күндізгі 9 бен 12-нің аралығында жиналады. Ер азаматтар ерте келіп, мұзды ойып, барлығын дайындайды. Артынша денені қыздыру үшін 2 шақырымдай жүгіреміз. Бұл – міндетті. Себебі суық суға түсудің алдында денеміз дайын болуы керек. Әр жаңадан қосылған адам шамамен 2 аптаның ішінде суық суға түсуге бейімделіп кетеді.
- «Бодрость» «морждар» клубының шарасына қызығатын жандар қайда баруы керек? Барлығы тегін бе?
Клуб мүшелері желтоқсан айында бір мәрте 12 мың теңге көлемінде жарна өткізеді. Бұл ақша ыстық шайға, жалға алған орнымызды төлеуге, түрлі құрал-жабдықтарды алуға жұмсалады. Одан кейін әр адам әр демалыс күндері көктемге дейін емін-еркін келе береді. Өзге мезгілде де қатысушыларымыз жаттығуды тоқтатпайды. Көктем, жаз, күзде 20-30 шақырым қашықтыққа жүгіріп, төзімділігімізді арттырамыз. Мүшелеріміздің барлығы – салауатты өмір салтын ұстанушылар. Әр адам тек суық сумен жаттығып қана қоймай, өз ортасын табады. Бұған дейін темекі шегіп, алкогольді сусынды тұтынған жандар уақыт өте келе, зиянды әдеттерінен арылады. Өйткені орта адамды өзгертеді. Штабымыз Атырау көпірінің жанында орналасқан.
- Біршама жылдан бері суық суға түсіп жүрсіз. Қандай пайдасын сезіндіңіз?
Дәріні өте аз қолданамын. Салауатты өмір салтын ұстанғанның арқасында 3 ұлыма да үлгі болып, барлығы кішкентай кезінен суық суға түсуді үйренді. Суық суға түскенде, 1 минуттан астам уақыт болмаңыз. Өз шамаңызды бағамдай біліңіз деп айтқым келеді.