Қ.Мұңайтпасұлы атындағы стадион қайтарылған активтер арқылы қаржыландырылады


Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден жаңа стадион қалалық бюджет есебінен емес, қайтарылған активтер арқылы қаржыландырылатынын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл стадион 1936 жылы салынған, ал алғашқы футбол матчы 1964 жылдың 14 мамырында өткен.
«Бүгін депутаттық корпустағы әріптесім, белгілі қазақстандық футболшы Давид Лориямен және Құрылыс басқармасының өкілдерімен бірге Қ.Мұңайтпасұлы атындағы стадионның қайта жаңғырту жұмыстарымен таныстық.
Әлемдік деңгейдегі көптеген стадионда өнер көрсеткен кәсіби спортшы ретінде Давид Григорьевич жаңа жабық манежде жас футболшылар үшін ыңғайлы жағдай жасауға қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты. Жақын арада бұл ұсыныстарды нысанның тапсырыс берушісі – Құрылыс басқармасына жеткіземіз», - деп жазды Табиғат Зейнұлқабден.

Астана қаласы мәслихатының төрағасының сөзінше, жаңа стадион қалалық бюджет есебінен емес, қайтарылған активтер арқылы қаржыландырылады. Оған заңсыз алынған мүлікті сату немесе жалға беру арқылы түскен қаражат бағытталады. Бұл қаражат әлеуметтік және экономикалық нысандардың құрылысына жұмсалады.

Айта кетейік, стадион 2026 жылдың басында қолданылуға беруге жоспарланған.