00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Көркем гимнастикадан ел чемпионатында жоғары көрсеткіштер тіркелді

Көркем гимнастикадан ел чемпионатында жоғары көрсеткіштер тіркелді
Коллаж: Elordainfo.kz

Кеше көркем гимнастикадан Астана қаласында Қазақстан чемпионаты аяқталды, деп хабарлады Elorda.info.

Ересектер бәсекесінде көпсайыс бағдарламасы бойынша Париж Олимпиадасының жолдама иегері Эльжана Таниева топ жарды.

1-орын. Эльжана Таниева (Шымкент) — 133.150 ұпай

2-орын. Милана Парфилова (Шымкент) — 131.850 ұпай

3-орын. Айбота Ертайқызы (Астана) — 127.900 ұпай

4-орын. Эрика Жайлауова (Астана) — 127.800 ұпай

Осы нәтижені мамыр айының басында Ташкентте өткен лицензиялық Азия чемпионатының нәтижесімен салыстырып көрелік.

1-орын. Эльжана Таниева — 133.400 ұпай

2-орын. Тахмина Икромова (Өзбекстан) — 130.150 ұпай

3-орын. Рейна Матсусака (Жапония) — 127.750 ұпай

5-орын. Айбота Ертайқызы — 126.900 ұпай

Әлия Юсупова (бас бапкер):

«Жақында ғана Ташкентте өткен Азия чемпионаты физикалық тұрғыда ғана емес, психология жағынан да ауыр болды. Себебі, кез келген бапкер өз шәкіртінің Олимпиадаға қатысқанын қалайды. Лицензияны жеңіп алдық. Бірақ оңай болмады. Азия чемпионаты мен Қазақстан чемпионатының арасы жақын болғанымен, бұдан бас тарта алмаймыз. Себебі, бұл еліміздегі ең басты бәсеке. Қиын болса да, Эльжана соңына дейін күресті. Барлығы жарады. Лайықты өнер көрсетті.

2023 жылға шегерілген жазғы Азия ойындары спортшыларымызға қатты әсер етті. Кейбірі қатыса алмай қалды. Кейбірі ересектерге ауысып, Милана Парфилова (жекеде 3-орын, командада 2-орын), Эрика Жайлауова (командалықта 2-орын) жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Азия ойындарынан кейін лицензиялық Азия чемпионатына қатысатын екінші спортшыны анықтау үшін Милана Парфилова, Эрика Жайлауова, Айбота Ертайқызы мен бапкерлерін шақырып алдым. Оларға басты 3 халықаралық жарыста жоғары нәтижеге қол жеткізген көркем гимнасшы Азия чемпионатына баратынын ескерттім. Нәтижесінде Айбота Ертайқызы екеуінде өзін көрсетіп, жеңімпазды анықтады».

Командалық сайыс түрінде де Шымкент қаласы алдына жан салмады.

1-орын. Шымкент қ. — 60.550 ұпай

2-орын. Астана қ. — 54.600 ұпай

3-орын. ШҚО — 46.550 ұпай

Эльжана Таниева (Париж Олимпиадасының жолдама иегері):

«Азия чемпионатында моральдық-психология жағынан қиын болды. Себебі, басты қарсылас өзім болдым. Лицензия алу үшін қателеспей, дұрыс істеп шығу маңызды болды. Барлығы ойдағыдай өтті. Өйткені көп дайындалдым. Бірақ шынын айтқанда көпсайыста чемпион боламын деп ойламадым. Себебі, бұған дейін топ жармаған едім. Алайда мен үшін бастысы Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алғаным қуантты.

10 жасымнан бастап, Олимпиадада ел намысын қорғауды мақсат еттім. Алдағы уақытта бағдарламамды одан әрі күрделендіріп, ТОП-10 спортшының қатарына кіремін деп сенемін».

Естеріңізге сала кетейік, ел чемпионатынан бөлек, Әлия Юсупова кіші жастағы спортшылар арасында Baby Cup турнирін өткізіп жатыр.