ФУТБОЛ: 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары

28 наурыз, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
ФУТБОЛ: 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары
Фото: kff.kz

Elordainfo.kz сайтының футбол шолушысы Несіп Жүнісбайұлы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындарына шолу жасады.

ҮМІТ пен КҮДІК ТЕҢ ТҮСКЕН…

«Туған ай туралған етпен бірдей!» деген бабаларымыздың сөзі сөз-ақ қой, кезекті әлем чемпионаты Катарда кеше ғана аяқталған секілді еді, енді, міне, Америка-Канада-Мексикада өтетін кезекті әлемдік доп додасының іріктеулерін бастап та кеттік. Ол да ертең алысқа асыққан тентек желдей ұйтқып өте шығатыны сөзсіз. Олай болса, осы бір кезең басталған тұста айтарымызды айтып қалайық. Әңгіме – Қазақстан құрама командасы ойынының үміті мен күдігі жайлы. Кім біледі, сонау Америка құрлығында өтетін ұлы бәйгеге біздің сайыпқырандар бара ма, жоқ па? Ол жағынан да Үміт пен Күдік тең түсіп жатыр…

Біздің жеребеден соң топ ете қалған J тобында Еуропадағы командалардың алғашқы алтылығына кіріп жүрген Бельгия құрамасы, Ұлыбритания қоныстанған кең аралдағы Уэльс, Еуропада жаңа атпен аталып жатқан ел Солтүстік Македония, өз алдына футбол чемпионатын өткізбейтін сирек елдің бірі Лихтенштейн және біз бармыз. Бір қарағанда, арыстанның аузына да, кілең арландардың қуғынына да түстік деуге болмайды: бұл төрттікпен тіресіп бағуға да, білек сыбана алысып, жеңуге-жеңілуге де болатындай. Туралап айтсақ, бұл бестіктің соңында салпақтамай, (Салпақтайтын команда бар: ол – Лихтенштейн!) екінші сатысына тырнақ іліктіруге әбден болатындай.

Алғашқы өткізген екі ойын бұл ойымызды растады. Уэльске қонаққа барып, ойынды жақсы бастағанмен, баяғы арылмайтын кемшілік, екінші таймда ойсырап қалдық. Жарайды, Уэльсті сырт алаңда ұтамыз деген дәме болған жоқ. Бұл елдің футболдағы жарық жұлдызы Г.Бейл болмаса да олар қанша дегенмен футболды ойлап тапқан ағылшындармен қатар қоныстанып, сол футболдың жақсы-жаманын таяу жерден көріп жүрген ел ғой, оның үстіне, қылт ете қалған талантты аяқдопшыларын Англияға, Шотландияға, Ирланд мемлекеттеріне жіберіп алып, ұлдарын футболдың тәуір бесігінде тербетіп жүрген ел емес пе, сондықтан футболдың бүкіл табиғатын үздіктерден үзіп-жұлып үйреніп жүрген үлгі тұтар тарап ол!

Ол пікір дәлелденді. Енді Лихтенштейнге барып ойнадық. Тәуба, бұрынғыдай емес, футболды шын қолға алған ел секілді жауапсыз екі доп соғып, ауылға көңілді оралдық. Біздің көңілде құрама жайлы Үміт пен Күдік тұр деп жатқаным да осыдан. Бұл жеңіспен бірге болған қуанышымды айтсам, құрама сапында «Челсиге» ұзатқан Дастан Сәтбаев баламыздың ойнауы. Оны бір жаққа сатып жібердік деп қамсыз отырмай, елімізге абырой әперетін мұнда ұл-қыздардың бәріне жасайтын қамқорлық атаулыны азайтпау керек.

Таяуда Президент Қ.К.Тоқаев төртінші Ұлттық құрылтайдағы сөйлеген сөзіне футболды да қоса кетті. Бұл мақұлдар мәселе. Ол кісінің айтқанын біз осы 34 жыл бойы айтып жүрсек те ел Президентінің сөзінің салмағы біздікінен жүз батпан. Сол сөзді қару етіп ел футболын дұрыс жолға қоя алсақ қанеки. Ел футболында жөнге келтірер шаруа жетерлік. Әсіресе, футбол клубтарын кәсіпқойлық жүйеге қою мен келімсек футболшыларды бюджет қаржысынан қаржыландырмау жайлы ой қолдауға тұрарлық. Одан басқа да шаруа жетеді. Біздің елде көзіңді жұмып тұрып тасты лақтырып жіберсең бір парақордың шекесіне шақ етіп тиетінін растап, таяуда ҚР футбол федерациясының бұрынғы басшылығы 3 миллиард теңгені (!) далаға жұмсаған деген ақпарат шықты. Ол рас болса, бұл әрекеттің салқынынан нағыз әлем халқы ынтазар ойынға қаншама қазақ баласы тәрбиеленбей қалды деген қайғы тұмшалайды көзімізді… Федерацияны жаңа адамдар басқарып жатыр. Олар да өзінен бұрынғылардың жолын жөн екен деп сол соқпақпен аяңдамаса дейсің қамығып.

                        «ЕУРОПАДА НЕҢ БАР ЕДІ, ҚҰЛЫНЫМ!»

Ендігі әңгіме – 2026 жылы футболдан үш мемлекетте бірдей өтетін әлем чемпионаты жайлы. Бұл әңгіме тікелей Қазақстан футболы жайлы болмағанмен, жазбаның ел футболына соға кететін тұстары бар.

Футболдан әлем чемпионаты – өткен ғасырдың сонау 30-шы жылдарынан бастап өткізіліп келеді. Әуелде жер жүзінен 16 команданы әрең жинаған бұл чемпионат өсе-өсе 32-ге келіп тоқтағандай болған. Тоқтамапты! 2026 жылғы кезекті әлем чемпионатының финалдық кезеңіне енді 48 команда қатысқалы жатыр. Әрине, өз ғұмырында 5 бірдей әлем чемпионатына куә болып, әрқайсынан кітап жазған менен ешкім сұрамайды, сұраса мен айтар едім: 32 команда қатысқан кездің өзінде ішінара қызықсыз ойындар болып жатқан әлем чемпионатына 48 команда жіберу деген ДӘМСІЗ ӘҢГІМЕНІҢ САБЫНЫН ертелі-кеш тынбай езгенмен бірдей! ФИФА, басқа да құрлықтық ұйымдар әлем чемпионатына қосымша командалар баратын болды деп алақандарын ысқылағанымен, көремен үшін бұл чемпионат бірде бал, бірде тұз жегендей болатыны айдан анық. Әрине, ФИФА-ның команда санын көбейттік деп қамқорсып отырғанының арғы жағында қосымша ақша табу ниеті жатқанын көрмеген – соқыр да, білмеген – мақұлық! Бұрын әлем чемпионаты бір айға созылып, чемпионатты ұйымдастырушы ел мен көрерменді ұзақтығымен ығыр етіп жіберуші еді, енді дүниежүзілік чемпионатыңыз таза 39 күнге созылып, бұрынғы 64 ойынның орнына 104 (!) ойын өтетін болды. Өз тәжірибемнен айтайын – өзім барған 5 әлем чемпионатынан 31-35 күн жүріп, қайта сапарға шықпастай боп оралатын журналист атаулының өзі чемпионатты толық көріп, чемпионаттың бас-аяғынан түгел көрерменге сөз айтамын десе, ол чемпионат өткен елдерде 40-45 күн болулары керек! Әй, көп журналисті осынша күнге келіндер жібере қоюлары да неғайбыл-ау…

Осы бір жалпылама онша емес өзгеріс кейбір ел футболы үшін қойлары егіз тапқандай жақсылық әкелді. Олар, әсіресе, Азия, Африка, аралдар мен құрлықтар топтарынан, бұрын әлем чемпионатына барып көрмеген елдердің құрама командалары Америка құрлығына аттануға жүгін буып-түйгендей боп жатыр. Әсіресе, Азия құрлығынан... Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстан емес!

Бұрын бұл футбол тойына 4 қана құрамасы тікелей жолдама алатын Азия құрлығы енді 8 команда аттандыруға мүмкіндік алды! Бұл жердегі өкініш – егер де Азия құрлығында ойнай бергенде Қазақстан құрама командасы да әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысар ма еді?! Кеңес Одағы кезінде бір жеңіп, бір жеңіліп жүрген өзіндей Өзбекстан футболшылары бір аяғымен әлем чемпионатының финалдық кезеңінде тұр! Футболды тек көрермен ретінде қызықтайтын мың адам: «Өй, әлем чемпионатының керегі не, Еуропада ойнай бергеніміз жақсы!» деп қыңыраяры сөзсіз. Ол сөздің де жаны бар. Бірақ ел спортын дамытуға, ұлтық абыройды сақтау, қорғау саласында қызмет етіп жүрген біз секілді спорт қайраткерлері білетін шындық басқа: Қай елдің де ұлттық федерациясының басты нысанасы – сол спорт түрінен әлем чемпионатына, Олимпиадаға қатысу!!! Міне, сол мақсатқа біз Үміт пен Күдіктің құрсауынан шыға алмай отырсақ, Өзбекстан командасы біздің Азия құрлығынан шықты деуге болады. Олар кешегі Иранға барып 2:2 есебімен тең ойнағаннан кейін қалған екі ойында қажет ұпайын қиналмай алады деп ойлаймыз. Ал, мен болсам кезіндегі «Басы жетпейтін жерге аяғын салған» футбол басшыларының кінәсінен әлемдік футбол тойының финалдық кезеңіне алдағы 50-100 жылда да жете алмаймыз-ау деп қамығып отырмын. Осыдан соң Қазақстан футболына: «ЕУРОПА ФУТБОЛЫНДА НЕҢ БАР ЕДІ, ҚҰЛЫНЫМ!!!» деп күйзеліп қана сыбырлаймын…