Елордада бокстан VI жазғы спартакиада жарысы өтеді
Бокстан 4 жылда бір мәрте өтетін ерлер арасындағы Спартакиада турнирі осы жолы Астана қаласында өтеді, деп хабарлады Elorda.info.
Байрақты бокс бәсекесі елордадағы «Beeline Arena» спорт кешенінде 13-19 қараша аралығында болады. Ел астанасында ұйымдастырылатын жарыста әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай және барлық өңірден 250-ден астам былғары қолғап шеберлері сынға түседі.
Жекпе-жек олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Барлығы 13 салмақ (46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63,5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі) бойынша жеңімпазды анықтайды.
Бокс бәсекесінің барлық жекпе-жектерін күндізгі 12:00-ден бастап «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Финалдық жекпе-жектердің жеңімпаздары 19 қарашада анықталады.
Турнир жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.
Жанкүйерлер үшін кіру тегін.
Айта кетсек, бұған дейін Спартакиаданы 2019 жылы Қызылорда қаласы қабылдаған еді.
Іс-шара Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен өтеді.