Елордада асық атудан қалалық ашық кубогі өтіп жатыр
Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында «Конституция күніне» арналған жастар мен ересектер арасында Асық атудан қалалық ашық кубогі өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Аспан» спорт кешенінде ұйымдастырылған бұл асық ату ойындарына ерлер және әйелдер болып Павлодар, Ақмола облысы сияқты сырт өңірлерден, қаланың бес ауданынан және Көкшетау қаласынан келген 16 команда өзара бақ сынасуда.
Ойын барысында ұйымдастырушылар асық ату ойынының бүгінгі таңдағы даму барысына тоқталды. Оның қазіргі таңда айырықша дамып келе жатқанын, сондай-ақ ұлтымыздың тарихымен тұтасып жатқан бұл спорт түрінің мән маңызын атап өтті.
«Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғатпен тығыз байланыста болып келеді. Оның үстіне ұлтымыз көшпенді халық болғандықтан, біздің тұрмыс-тіршілігіміз көбінде мал шаруашылығына негізделген.
Сол себепті де қазақ халқының ұлттық ойындары осыған икемделген. Әсіресе төрт түліктің ішінде балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты. Сондықтан асық ойындары ұлттық ойындар ішіндегі ең көне спорт түрі деп атауға болады. Оның үстіне Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Міне, бұл біздің ұлттық ойындарымыздың бірден бір артықшылығы және құндылығы деуге болады», - дейді асық ату спортынан Астана қаласының аға жаттықтырушы Ескендір Рахмотов.
Жалпы 60-ға жуық 18 жастан асқан спортшылар қатысқан бұл кубогқа 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алған спорт шеберлері де қатысуда.
«Бүгінгі таңда «Асық ойнаған азар» деген мақалдың құндылығы жойылып, керісінше азар сөзінің орынын озар сөзі алмастыруда. Бұл асық ату спорт түрінің дамып жатқандығының белгісі. Алда айтулы дода көшпенділер ойындарында осы спорт түрінен бағымызды сынаймыз. Бұл мен үшін Олимпиада ойындарына қатысқанмен бірдей қуаныш. Сондықтан бүгін алдын ала жаттығуымызды шыңдау және өзіміздің тәжірибемізді одан ары дамыту мақсатында осы жарысқа қатысып жатырмыз. Бұйырса көшпенділер ойындарында қазақтың асық ату өнерінің аса жоғары деңгейде екендігін дәлелдейміз деп сенемін»,- дейді 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында асық ату спортынан өнер көрсететін Жомарт Нұрланов.
Шапағат ӘБДІР