Бағлан Кенжебек: артымда қазақ елі тұрғаны жігер сыйлайды


Бокстан бірнеше күн бұрын ғана Әзербайжан астанасы Бакуде аяқталған «Жібек Жолы» халықаралық турнирінде 54 келідегі Бағлан Кенжебек ерекше көзге түсіп, чемпион атанды. Осы орайда Elordainfo.kz сайты боксшының жеңісі жайлы пікірін алуды жөн көрді.
- Әзербайжандағы «Жібек жолы» турнирінде топ жарып, атыңызды шығардыңыз. Қарсыластарыңыздың мықты болғандығын ескерсек, топ жарамын деп ойдаңызы ба? Жанкүйерлерлеріңіз физикалық жағынан әлсіз болып қалғанын айтып қалды. Осы жайлы ойыңыз? Өзіңізден қандай кемшілік байқадыңыз?
- Иә, қарсыластар осал емес. Ширек финалда грузиялық Лада Курчава, ½ финалда жастар арасындағы әлем чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері Шахзод Музафаров, финалда Ресей чемпионы Максим Кузнецовтан басым түстім. Әр жекпе-жек – өз алдына бір сын. Бірақ өзіме сендім. Жеңіске жету үшін, тек физикалық емес, психологиялық дайындық та өте маңызды екенін тағы бір рет түсіндім. Жанкүйерлердің пікірін де ескерем. Шынымен де кей сәттерде физикалық тұрғыдан шаршап қалған кездер болды. Мұны өзім де байқадым. Маған үлкен сабақ болды. Алдағы уақытта сол әлсіз тұстарыммен жұмыс істеймін. Техника жағынан да, физика жағынан да әлі де қосуға тырысамын.
- Сізді 2024 жылғы Қазақстан чемпионатында алғаш рет финалға шыққаныңыздан білеміз. Бірақ финалда қобалжуыңыз әсер еткен секілді. Қазақстан чемпионаты жеке өзіңізге қандай әсер қалдырды?
- Иә, бұл менің еліміздің чемпионатындағы алғашқы финалым болатын. Қобалжу болмады десем, шындыққа жанаспайды. Финал – үлкен жауапкершілік. Сол сәттегі сезім мен эмоцияны сөзбен жеткізу қиын. Бірақ сол финал маған мықты тәжірибе берді. Жеңілсем де, жеңілдіктің өзі мен үшін мотивация болды. Қай жерде қателестім, қай жерде асықтым – бәрін сараптап шықтым. Енді келесі жарыста бұл тәжірибе маған үлкен көмек болады.
- Шетелдік мамандар шақырылған, арнайы диетологы бар ұлттық құрамаға ендіңіз. Бұған дейінгі жаттығуыңыздан қатты ерекшеленген шығар? Жыл басынан бері айтарлықтай жеке өзіңізде өсімді байқадыңыз ба?
- Айырмашылық өте көп. Бұрын біз тек өзімізге сеніп, бапкердің айтқанымен ғана шектелетінбіз. Ал қазір әр детальға мән беріледі: тамақтану, қалпына келу, ұйқы, салмақ тастау – бәрі арнайы бақылауда. Диетологпен жұмыс істеудің арқасында салмақ тастау процесі де жеңілдеді. Жарақат алу қаупі азайды. Бұл өзіме деген сенімді де арттырды. Жыл басынан бері өзімде де айтарлықтай өзгеріс сезіп жүрмін – жылдамдық, реакция, төзімділік. Барлығы жақсарып келеді.
- 2025 жыл басталғалы бері шетелдік оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық турнирге қатыса бастадыңыз. Бокс мансабыңызды 2025 жылға дейін және 2025 жылдан кейін деп бөлуге бола ма? Өзге рингте жұдырықтасу ешқандай қобалжу сынды әсер туындатпай ма?
- Шынымды айтсам, 2025 жыл мен үшін жаңа кезеңнің бастауы болды. Бұған дейін көбіне ел ішіндегі жарыстармен шектеліп келсем, биылдан бастап халықаралық деңгейге шықтым, менің мансабымдағы жаңа парақ десем болады. Жылдың басында Испаниядағы Boxam халықаралық турнирінде топ жардым. Енді екінші Әзербайжан төріндегі дода да алтын медальді мойынға тақтым. Шетелдік рингте шынымен де басқа атмосфера. Бастапқыда қобалжу болған, ол да керек. Артымда қазақ елі тұрғанын сезінген кезде, бұл жауапкершілікке айналады. Қазір өзімді бұрынғыдан әлдеқайда сенімді ұстаймын. Шетелдік қарсыластармен жұдырықтасу маған өзімді сынауға, әрі шыңдауға үлкен мүмкіндік беріп жатыр.
- Әзербайжандағы турнирде Өзбекстанның көшбасшы боксшыларының бірі – жастар арасында әлем чемпионы Шахзод Музафаровты жеңдіңіз. Жеңіске жетуде қандай тактика қолдандыңыз? Дәл қазіргі сәтте бұл мансабыңыздағы ең жарқын жеңіс деуге келе ме?
- Әрине, бұл мен үшін өте маңызды жеңіс болды. Шахзод – өте тәжірибелі, техникалық деңгейі жоғары боксшы. Қазақ боксшыларымен бірнеше рет айқасып, тек Махмұд Сабырханнан ғана есе жіберген. Онымен жұдырықтасу – үлкен сын. Жекпе-жекке нақты жоспармен шықтым: бірінші раундта қарсыласымды зерттедім, ал келесі раундтарда жылдамдық пен қашықтықты дұрыс бақылауға тырыстым. Таза ұпаймен жеңу үшін, артық эмоцияға берілмей, сабыр сақтадым. Бұл жеңіс менің мансабымдағы ең есте қаларлық сәттердің бірі. Бірақ жекелеген жекпе-жектеріммен шектеліп қалуға болмайды.. Ең жарқын жеңіс әлі алда деп сенемін.
- 55 келіде елімізде көптеген мықтылар жиналған. Сабырхан Махмұд, Нұрсұлтан Алтынбек және Сәкен Бибосынов та осы салмаққа көтерілді. Одан бөлек те талантты боксшыларымыз жетерлік. Ешқандай қорқынышыңыз жоқ па? Өзге спортшылардан қарағанда қандай артықшылығым бар деп санайсыз?
- Жоқ, қорқыныш деген жоқ. Қайта әлемдік деңгейдегі талантты боксшылармен бір салмақта жұдырықтасу – үлкен мотивация. Олардан үйренетін де, үлгі алатын да нәрсе көп. Бұл бәсекелестік мені күн сайын алға ұмтылдырады. Өзімнің артықшылығым деп реакциям мен тактикалық ойынды айтар едім. Әр қарсыласқа қарай бейімделе аламын. Соңғы секундқа дейін айқасу – менің басты қағидам.
- Ұлттық құрамадағы боксшылардың біршамасы жасөспірім және жастар арасынан бері өз атын шығарып келді. Салыстырмалы түрде сізді неге бұған дейін көп естімедік. Әлде ересектерге дейін онша ашыла алмадыңыз ба?
- Иә, кейбір спортшылар ерте танылды. Менің жолым сәл ұзақтау болды. Бірақ әркімнің өз жолы бар. Біреу ерте ашылады, біреу кеш. Менің уақытым енді келді деп ойлаймын. Бұрын тәжірибе аз болды. Өзімді таба алмадым. Ал ересектер қатарына өткен соң, жауапкершілік артты, өзіме сенім артты. Сол сеніммен бүгінгі деңгейге жетіп отырмын.
- Бокс – Қазақстандағы ең танымал спорттың бірі. Бәсекелестік өте жоғары спортта сіздің еш мойымауыңызға, батыл алға қадам жасауыңызға не әсер етеді? Қандай арманыңыз бар?
- Ең басты мотивациям – отбасым, бапкерлерім және жанкүйерлерім. Олар маған сенеді. Сол сенімді ақтау – менің парызым. Бәсеке мықты болса да, ешқашан берілгім келмейді. Қиын сәттерде «мен не үшін боксты бастадым?» деген сұрақ өзіме күш береді. Ал арманым – әлем чемпионаты мен Олимпиадада ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс туын желбірету.
- Алдағы жоспарыңыз? Ұлттық құрамаға енгелі бері жаңа достар тапқан шығарсыз? Кімдермен жақсы араласасыз?
- Алда бірнеше халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары жоспарланған. Ұлттық құрама сапында өз орнымды нақтылап, ірі турнирлерде нәтиже көрсету – басты мақсатым. Құраманың ішкі атмосферасы өте жақсы. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, тәжірибе бөлісіп отырамыз. Ал ең жақын араласатын досым – Нұрзат Оңғаров (2024 жылы Қазақстан чемпионатында 48 келіде күміс жүлде алған). Ол менің жерлесім әрі бірге оқып, бірге жаттығып жүрген серігім. Екеуміздің достығымыз тек спортпен шектелмейді. Өмірде де бір-бірімізге арқа сүйеп келеміз. Осындай шынайы достық спорттағы жолымды жеңілдетіп, мотивация беріп тұрады.
- Сұхбатыңызға рахмет!



