Астанада шахматтан ардагерлер мен жастар тәжірибе алмасты
Астанадағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» шахматтан турнир өтті, деп хабарлады Elorda.info.
1966 жылдан бастап жыл сайын 20 шілдеде ФИДЕ «Gens una sumus» (лат. «Біз бір отбасымыз») ұранымен өтетін Халықаралық шахмат күні атап өтіледі. Кейінгі жылдары отандастарымыздың ірі халықаралық жарыстардан орын алуы жайты көбейгені соншалық, оған таңғалмайтын да болдық. Мысалы, 2023 жылы әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы күміс жүлде иеленсе, биыл Қазыбек Нөгербек 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатында топ жарды. Ал Ресей Федерациясының Якутия аймағында өткен «Азия балалары» бәсекесінде Айару Алтынбек жүлде тұғырынан көрінді. Бұл спортшылардың барлығы дерлік Астана қаласының спортшылары.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұрпақтар сабақтастығы жайында сөз қозғаған болатын. Міне, сол сәттен бері үлкен кісілер мен жастардың арасындағы қарым-қатынасты арттыру үшін бірнеше жобаны атқарудамыз. Соның бірі – бүгінгі шахмат турнирі. Сайыс барысында 14 жастан бастап, ардагерлер еркін түрде қатысып, жеңімпазды анықтайды. Осындай орталарда жасөспірімдер тәжірибелі кісілердің ақыл-кеңесін алып, өз өмірлерін дұрыс бағытта қалыптастыруға тырысады. Ақыл-ойдың жарысы саналатын шахмат жас ұрпақты жетілдіріп, отбасылық, мемлекеттік құндылықтарға әсер ететініне сенемін», - деді жарыс ұйымдастырушысы Давид Шарипов.
Сайыс швейцариялық жүйе бойынша әр адамға 10 минут және әр жүріске 3 секунд беріліп, 7 тур бойынша 68 қатысушының арасында жеңімпаздар анықталды.
«Шахмат ойынын тек зейнетке шыққаннан кейін ғана үйрендім. Себебі, денсаулығыма байланысты көп уақытымды ауруханада өткізуге тура келді. Сол жерде шахматты үйренуге ден қойдым. Қазір жемісін жеп жатырмын десем болады. Біріншіден, керемет жүрістер, жеңістер арқылы керемет эмоция аласың. Екіншіден, есте сақтау қабілетім жақсарғандай көрінді. Себебі, жеңіске жету үшін тек қана кездейсоқ ойнау жеткіліксіз. Тұрақты түрде дайындалып отыру қажет. Адам табиғатының ерекшелігі – тек жеңіле бергісі келмейді. Үшіншіден, өзіммен қатар зейнеткерлер ортасымен жақсы тіл табысуға әсер етті. Міне осы артықшылықтарды ескере келе, немелерімді де шахмат үйірмесіне беруді жөн көрдім. Елордадағы шахмат жарыстарын жібермеймін. Орын алмасам да, шахмат атмосферасы ерекше», - дейді Жеңісбек Омаров атты қария.
Айта кетейік, шахмат сайысының жалпы жүлде қоры 100 мың теңгені құрайды.