Астанада футболмен айналысқысы келетін балалар саны артқан
Астана қаласының коммуникациялар қызметінде №8 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі басшысы Дінмұхамед Құрамаев брифинг өткізді, деп хабарлады Elorda.info.
Аталған білім ошағы 2003 жылы құрылды. Қазіргі уақытта мектепте ерлер футболы және әйелдер футболы бойынша жаттығу сабақтары өтеді.
Мектепте барлығы 32 жаттықтырушы-оқытушы бар, барлық жаттықтырушылар құрамы жоғары білімді.
Қазіргі уақытта мектепте 617 оқушы білім алады. Жыл сайын футболмен айналысқысы келетін балалар саны үнемі артып келеді. Мектеп жалпы балалар мен жасөспірімдер футболын насихаттауға және болашақта республикалық және халықаралық турнирлерге, чемпионаттар мен біріншіліктерге қатысатын футбол клубтарының кадрлық әлеуетін толықтыратын жас тәрбиеленушілерді сапалы оқытуға бағытталған, - дейді Д.Құрамаев.
Оның айтуынша, оқу орнындағы 2007-2012 жылдары туған балалардан құралған командалар ел чемпионатының жеңімпазы, сондай-ақ 2008 жылғылардың командасы жасөспірімдер 2 лигасының чемпионы атағын жеңіп алды және облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары арасында ҚР чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Әртүрлі жастағы спортшылар көптеген республикалық және халықаралық турнирлердің жүлдегерлері мен чемпиондары атанған.
Айта кетейік, мектеп оқушылары 2021 жылы – 7 медаль, 2022 жылы – 14 медаль, ал 2023 жылы 9 медаль жеңіп алған.