00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада екінші рет «Толағай» алыптар сайысы өтті

Астанада екінші рет «Толағай» алыптар сайысы өтті
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Батырларымызды насихаттау, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілген іс-шарада еліміздің 19 өңірінен келген қатысушылар бақ сынады, деп хабарлады Elorda.info.

Еліміздегі алып күш иелері екінші рет Астанада үздіктерді анықтау үшін бас қосты. Алып дейтіндей жөніміз де бар. Себебі, турнирге тек 18 жастан асқан және салмағы кемі 90 келіні құрайтын спортшылар ғана қатыса алады.  

«Толағай» алыптар сайысы – 3 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Басты мақсатымыз – спорттық ізбасарларды қалыптастыру үшін еліміздің әр өңірінен мықтыларды анықтап, әлемдік ареналарға шығару. Елорда төріндегі биылғы бәсекенің орны бөлек. Өйткені финалдық додаға қатысу үшін әр облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда іріктеу кезеңдері өтіп, чемпион атанғандары ғана Астана қаласына келуге мүмкіндік алды. Биыл елімізде алғаш рет V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұйымдастырылады. Ол жерде осы алыптар сайысы да бағдарламаға енген. Бүгінгі жарыстың жеңімпазы күзде өзге мемлекеттердің спортшыларымен күш сынасады», - деді «Толағай» алыптар сайысының авторы Тимур Спатаев.

Турнирдің ең егде қатысушысы Абай облысынан келген пауэрлифтингтен ҚР спорт шебері, 40 жастағы Нұрбол Азизов болса, ең жасы Шымкенттен келген ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы, 22 жастағы Бағдат Маматқұл тіркелді.

Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша яғни, 100 келілік қапты иыққа салып көтеру, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 130 келі ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру секілді ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түсті.

Турнир барысында үш бірдей рекорд жаңартылды. Азамат Бектасов салмағы 82 келіні құрайтын гір тасын 26 мәрте көтерді. Ал Бауыржан Әбдіхайым салмағы 40 келіні құрайтын қойдың муляжымен 5 мың мәрте отырып тұрды. Гиннесс рекордын бірнеше мәрте жаңартқан Жамали Диханұлы болса 3 тонналық автокөлікті 25 метрге дейін сүйреді.

Бес сайыстың қорытындысы бойынша 142 ұпаймен Ерсейіт Бралин III орынға ие болып, 400 000 теңге қаржылай сыйлықты қанжығалады. ІІ орынды 156 ұпаймен Жанболат Ибадилдаев 600 000 теңге қаржылай сыйлық ұтып алды. Ал Түркістан облысының өкілі, былтырғы чемпион Азамат Мақұлбеков қайта өз мықтылығын дәлелдеп, 184 ұпаймен 1 млн теңгеге ие болды.

Айта кетейік, жалпы жүлде қоры екі миллион теңгені құраған турнир Астана қаласы әкімдігінің орталық алаңында өтті.