Қазақстандық сурдоспортшылар 46 медаль жеңіп алды
Бішкек қаласында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында алғашқы Азия-Тынық мұхиты аймағының чемпионаты өтті. Жарысқа 8 мемлекеттен келген 300-ге жуық спортшы таеквондо, дзюдо, грек-рим және еркін күрестен бақ сынады, деп хабарлады Elorda.info.
Қазақстан құрама командасы жарыста 15 алтын, 13 күміс және 18 қола медальді жеңіп алды.
Чемпионатта бірінші болып таеквондошылар сынға түсті. Жарыста еліміздің 13 спортшысы сәтті өнер көрсетіп, 14 медальді қанжығасына байлады: 1 алтын, 4 күміс және 9 қола.
Бәсекеде дзюдо күресінен ел намысын қораған 13 спортшы 13 медальді жеңіп алды: 6 алтын, 1 күміс және 6 қола.
Грек-рим күресінде қазақстандық палуандар 3 алтын, 3 күміс және 3 қола медальді еншіледі. Ал, командалық есепте 1-орынды Қырғызстан, 2-орынды Қазақстан және 3-орынды Иран алды.
Еркін күрестен боз кілемде 10 қазақстандық спортшы өнер көрсетіп, 5 алтын және 5 күміс медальді еншіледі. Командалық есепте ұлттық құрама спортшылары 1-орыннан көрінді. Екінші орынды Иран командасының палуандары алса, үшінші орын Қырғызстан командасына бұйырды.