«Азия балалары»: Шорт-трекші Мейіржан Төлеген чемпион атанды
Шорт-трекшілер Кузбасс облысында өтіп жатқан «Азия балалары» ІІ қысқы ойындарын табысты аяқтады, деп хабарлады Elorda.info.
Мың метрге жарыста Мейіржан Төлеген алтын алса, Мадияр Мадихов қол жүлдегер атанды. Ал Əліби Əлімгереев пен Ерасыл Шыңғысхан 4-ші жəне 5-орыннан көрінді.
Осыған дейін шорт-трекшілер 4 жүлде жеңіп алған еді.
Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметі мәлім еткендей, алғашқы күні 1500 метрде Мейіржан Төлеген күміс, Малика Жолтабар қола жүлдегер атанды. Ал кеше 3 шақырым эстафетада ұлдар құрамасы мəреге 2-ші, қыздар 3-болып келген.
Соңғы күні алтын медаль алуға барымызды салдық. Бізге жетпей тұрғаны сол ғана еді. Жалпы еншімізде 6 жүлде бар. Меніңше, барлық спортшы жақсы өнер көрсетті. Əрқайсысы кем дегенде елге бір жүлдемен оралады. 2019 жылғы алғашқы ойындарда бір алтын, бір күміске ие болғанбыз. Осы жолы сол көрсеткішті жақсартқанымызға қуаныштымын, - дейді шорт-тректен ұлттық құраманың бас бапкері Данабек Хайров.
Еске салсақ, 28 ақпан күні «Азия балалары» ІІ қысқы ойындарында шаңғымен тұғырдан секіруде Илья Мизерных алтын, Илья Шильников күміс, Софья Шишкина қола жүлдеге ие болған еді.