00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстандық самбошылар әлем чемпионатында 10 медаль жеңіп алды

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстандық самбошылар әлем чемпионатында 10 медаль жеңіп алды

Қырғызстан астанасы Бішкекте самбодан ересектер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Үш күнге созылған бәсекеде Қазақстан құрамасы 3 күміс, 7 қола жүлдеге қол жеткізіп, жалып есепте 9-сатыға тұрақтады, деп хабарла Elorda.info Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.

Соңғы жарыс күні жауынгерлік самбодан 71 келіге дейінгі салмақта Әсет Анарбаев финалға шығып, израильдік Тариэль Аббасовқа есе жіберді. Қазақстандық іріктеуде әуелі камерундық, сосын өзбекстандық Санатбек Исмоновты, сербиялық Стефан Зупаричті жеңген.

Ал жауынгерлік самбодан 88 келіде Айбек Саметаев жартылай финалда сүрініп, қоланы қағанат тұтты.

Әйелдер арасындағы аса ауыр салмақтағы Арайлым Әбенова (+80 кг) Халықаралық самбо федерациясының атынан сынға түсетін ресейлік самбошыдан, кейін моңғолиялық Саранго Гаанболдан басым түскен. Алайда жартылай финалда кейіннен топ жарған грузин спортшысына жол берді. Қола медаль жолында түркіменстандық қарсыласын ұтты. Сондай-ақ Ділдәш Құрышбаева (72 кг), Арнұр Қуатай (71 кг) мен Мирас Уәлиев (58 кг) өз салмағында үшінші болды. 

Алғашқы күні Қайырберді Айдынбай (58 кг) мен Асылбек Смайылов (79 кг) финалда сүрініп, күміс жүлдегер атанса, Гүлдана Әлмұхамбетова (-54 кг), Райхан Мәди (98 кг) үздік үштіктен көрінді.

Биылғы көрсеткішті жақсы деп бағалаймыз. Шешуші сәтте кей самбошыларымызға сәттілік жетпей жатты. Биыл көптеген жарыс кейінге қалып, бізге жарыс тәжірибесі жетіспеді. Сондай-ақ көптеген жас спортшы құрамаға енді қосылды. Соған қарамастан олар жүлде алмаса да, үздік бестіктен көрініп жатыр. Иә, алтын медаль бұйырмады. Былтырғы чемпионатта 2 чемпион шыққан еді. Енді кеткен кемшіліктерді сараптап, жиналыс кезінде қорытынды шығарамыз. Келесі жылы Алматы қаласы ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатын қабылдайды. Соған тыңғылықты дайындаламыз, - деді жекпе-жектерден кейін Ұлттық құраманың нәтижесін қорытындылаған бас бапкер Біржан Имаханов.

Айта кетейік, мұнда спортшылар 21 салмақта бақ сынады. Чемпиондар 4 мың, күміс жүлдегерлер 3 мың, қола медаль иеленгендер 2 мың АҚШ долларынан алды. Жылдың қорытынды бәсекесіне 50-ден астам елдің таңдаулы самбошылары қатысты.