Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды
Босния және Герцеговинаның Лукавац қаласында волейболды отырып ойнаудан халықаралық турнир өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Жарыста Қазақстан, Сербия, Хорватия, Словения мен Босния және Герцеговина командалары қатысты.
Турнирде Қазақстан құрамасы топтық кезеңнен бірінші болып шығып, жартылай финалда Сербия командасын 3:1 есебімен ұтты. Финалда Токио-2020 Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Босния және Герцеговина командасымен кездестіп, 3:0 есебімен Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, осы жылдың 4-11 қараша аралығында Босния және Герцеговина астанасы Сараево қаласында өтетін әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қатысуы жоспарлануда. Аталған чемпионат 2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алуға рейтингтік жарыс болып келеді.