Елордалық спортшылар әлем чемпионатынан жүлделі оралды
Жүлдемен оралған саңлақтарды Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды.
Құрметпен қарсы алған жандарға алғысым шексіз. Құрамадағы қыз-жігіттер әлем кубогының топтық кезеңдері мен чемпионатта барын салып, жүлдеге ілігуге тырысты. Финалдық бәсеке қиын болды. Әлем үздіктерінің үштігіне кіріп, күміс жүлдеге ие болдым. Ендігі чемпионатта күмісімді алтынға айырбастағым келеді. Алдағы үлкен жоспарым – Олимпиада ойындарында жеңімпаз атану, - деді Алина Дауранова.
Еске салайық, доданың алғашқы күндері әлем кубогының топтық кезеңінде спортшыларымыз сынға түсті. Дарья Гаврилова, Алина Дауранова жасөспірімдер арасында командалық спринтта ІІ орын иеленді. Ал Ақжол Нұралы 3-орын алды. Алина Дауранова 1 500 метрге жүгіруден 235 ұпай жинап, жалпы есепте топтық кезеңнің жеңімпазы атанды.
Ал 28 қаңтар күні спортшылар әлем чемпионатында бақ сынады. Байрақты бәсекеде жас спортшылар 1000 м қашықтықта өзара мықтыны анықтады. Қазақстандық атлет Алина Дауранова тиісті қашықтықты 1:20.593 уақытта бағындырып, мәре сызығын екінші болып кесіп өтті. Бұл сында алтын медаль жапониялық Юкино Юшиға бұйырды. Ал Нидерланд спортшысы Джейд Гроневуд үштікті түйіндеді.
Командалық спринтта Дарья Гаврилова мен Алина Дауранова жұбы қола медальді қоржынға салды.