Қазақстан алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шықты
Алғашқы минуттардан бастап сауатты қорғанған Иран құрамасы бірінші таймда Қазақстан қақпасына қос гол салды. 8-минутта Мослем Оладгобад, 15-минутта Ахмад Эсмаэльпур әлемнің 5 дүркін үздік қақпашысы Игитаны қапы қалдырды. Қазақстан құрамасы статистика жағынан басымдық танытқанымен, қарсыластың осал тұсын таба алмады.
Алайда ойынның екінші бөлігінде Қазақстан құрамасы табанды түрде шабуылдап, таразы басын теңестіріп қана қоймай, жеңісті жұлып алды. Әуелі 25-минутта есепті қысқартқан Кака шәкірттері араға төрт минут салып, есепті 2:2-ге жеткізді. Ал ойынның аяқталуына бір минут қалғанда мундиальдағы команда сұрмергені Тайнан жеңіс голын соғып қарсыластың сағын сындырды.
Гол авторлары: Самими (25-минутта автогол), Кнауб (29-минутта), Тайнан Да Силва (39-минутта) – Оладгобад (8-минут), Эсмаэльпур (15-минут).
Айта кетейік, Қазақстан мен Иран құрамасы алғаш рет 1996 жылы ойнаған. Бүгінге дейін 8 матчтың бәрі қарсыластың пайдасына аяқталған еді. Тоғызыншы кездесуде ұлттық құрама сәтсіз серияға нүкте қойды.
Енді Қазақстан 30 қыркүйекте Каунас қаласындағы «Жальгирис Аренада» Испанияны жолда қалдырған Португалиямен финалға берілер жолдаманы сарапқа салады. Ал екінші жолдама иегері Бразилия мен қазіргі әлем чемпионы Аргентина арасындағы ойында анықталады.