Сенатта көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі талқыланды

Сенатта көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі талқыланды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметінен

Бүгін Сенатта 2025 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық мәселесіне арналған Үкімет сағаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Талқылау барысында өткен жылғы су тасқынының салдарын жою жөнінде атқарылған жұмыстарға баға беріліп, алдағы су тасқыны кезіндегі қауіп-қатерлер талқыланды және алдын алу шаралары туралы айтылды. Сонымен қатар өткен жылы су тасқыны кезінде мүлкі мен үйі зақымданған немесе қираған азаматтарға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілгені атап өтілді. Қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде шамамен 9 мың үй жөнделіп, 2 мыңнан астам жаңа тұрғын үй салынды. Қосымша 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік нысаны сатып алынды.

Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов су тасқыны мәселесі елімізге биыл да аса маңызды болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, көктемгі су тасқыны жыл сайын халық пен инфрақұрылым үшін зор сынақ болып отыр. Ал 2024 жылғы жағдай табиғи апаттың қаншалықты жойқын болуы мүмкін екенін көрсетті.

«Өткен жыл біз үшін ауыр сынақ болды. Су тасқынынан мыңдаған отбасылар зардап шекті, үйлер құлады, жол мен көпір бүлінді, әлеуметтік және коммерциялық нысандар қирады. Президенттің араласуымен жедел шешім қабылданып, барлық мекемелердің үйлесімді жұмысының арқасында шығындарды азайтуға, зардап шеккендерге көмек көрсетуге, инфрақұрылымды қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Алайда, егер алдын алу шаралары уақытылы және тиісті деңгейде жүргізілсе, көптеген шығындардың алдын алуға болар еді. Басты міндет – тек су тасқынының салдарымен күресу емес, оны жүйелі түрде болдырмау», – деді Палата төрағасының орынбасары.

Отырыс барысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов 2024 жылғы су тасқынының салдарына талдау жасап, өткен көктемде Қазақстан соңғы 80 жылда болмаған ауқымды су тасқынына тап болғанын еске салды. Бұл апат 12 өңірде 12 мыңға жуық жеке тұрғын үй мен 62 көпқабатты ғимаратты су астында қалдырды. Оның салдарын жою үшін құтқарушылар, әскерилер, полиция, Ұлттық гвардия жұмылдырылып, авиация мен инженерлік техника пайдаланылды. Нәтижесінде 35 миллион текше метрден астам су сорылып, өзен арналарының түбін тереңдету және жағалауды бекіту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Министр өткен жылғы су тасқынын талдау негізінде 2025 жылғы көктемгі кезеңге белсенді дайындық жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз депутаттарға ықтимал су басудың алдын алу жөнінде қабылданып жатқан техникалық шаралар туралы баяндады.

Депутаттар Үкімет сағатының қорытындысы бойынша 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне жан-жақты дайындықты жалғастыруды, гидротехникалық құрылыстарды қаржыландыруды арттыруды және төтенше жағдайлардың алдын алудың заманауи әдістерін енгізуді ұсынды.