Тоқаев: Орталық Азия мен Германия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту қажет
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Президентімен кездесуіне қатысты, деп хабарлады Elorda.info.
Мемлекет басшысы жиында «C5 + Германия» диалогы туралы бастама елдер арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ мемлекеттері көшбасшыларының бірлескен күш-жігерін жұмылдыруға болатын ықпалдастықтың басым бағыттарын ұсынды. Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық қарым-қатынас, жаңа көлік-транзит дәліздерін дамыту, энергетика саласындағы кооперация мәселелеріне назар аударды.
Кездесу барысында климаттың өзгеруіне және су тапшылығы проблемасына баса мән берілді. Жиынға қатысушылар мұздықтардың еруіне және Орталық Азиядағы экологиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты мәселелерді талқылады. Қазақстан Президентінің пікірінше, Германияның аталған проблемаларды шешудегі тәжірибесі аймақ үшін аса маңызды.
Мемлекеттер басшылары Орталық Азия өңірі мен Еуропа Одағы төңірегіндегі геосаяси жағдайға қатысты мәселелерді де қозғады. Сонымен қатар Ауғанстандағы қазіргі жағдай қарастырылды.