Елордада София атты көше ашылмақ – Қасым-Жомарт Тоқаев


Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық, білім беру және өңіраралық байланыс саласындағы ынтымақтастықты дамытуға уағдаласқанын жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2018 жылы София қаласында Астана көшесі пайда болды. Енді жақын арада елордада София атты көше ашылмақ. Президенттің айтуынша, жалпы, келіссөздер табысты өтті деуге толық негіз бар. Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Жасалған келісімдер нәтижесінде екі елдің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев Румен Радевпен аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқылағанын айтты.
«Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты екі елдің ұстанымы – ұқсас. Біз бір-біріміздің бастамаларымызды үнемі қолдап келеміз. Көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастығымыз ойдағыдай дамуда. Мен Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанды дамыту орталығын ашу туралы бастаманы қолдағаны үшін болгар тарапына, Президент мырзаға зор алғыс айттым. Әлемдегі күрделі геосаяси ахуал мен түрлі қақтығыстар елдерімізді алаңдатып отырғаны сөзсіз. Қос тарап та барлық түйткілді бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санайды. Біз көпжақты дипломатияны одан әрі дамытуға ерекше мән береміз. Болашақта да халықаралық деңгейде күш-жігерімізді біріктіріп, үйлесімді жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіне белсене қатысуға келістік. Бұл сапар Қазақстан мен Болгарияның қарым-қатынасын тың қарқынмен дамытуға жол ашады деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.
Румен Радев тараптар қызығушылық танытатын барлық сала бойынша екіжақты қарым-қатынасқа салмақты талдау жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, ықпалдастықты нығайтуға зор әлеует бар.
«Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. Транскаспий көлік дәлізін одан әрі дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылуы екі ел арасындағы байланыстарды ілгерілетуге ниетті екенімізді көрсетеді. Осы орайда Қазақстан мен Болгарияның географиялық тұрғыдан орналасуын барынша тиімді пайдалану керек. Өйткені бұл бағыт Азия мен Еуропаны жалғайды. Сонымен қатар жүк тасымалы, энергетика және цифрландыру салаларында ғана емес, мәдени байланыстарымызды кеңейтуде де мүмкіндік мол», - деді Болгария Президенті.



