Астанада Марко Поло атындағы көше ашылады

Бүгін Қазақстан мен Италия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, әр саладағы ынтымақтастықты талқылаған. Соның ішінде Италия президенті Тоқаевтың Астанада Марко Полоның атына көше беру туралы ұсынысын жылы қабылдаған.
Ақорда жазғандай, Италия Президенті серіктестікті одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, екі ел арасындағы сенімді диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын жеткізді.
«Біз үшін бұл сапардың мәні зор. Сіздің былтыр Римге жасаған сапарыңыз өзара қарым-қатынастың маңызды кезеңі ретінде ынтымақтастығымыздың одан әрі нығаюына берік негіз қалады. Бұл қадамдар серіктeстігімізге барлық бағытта ерекше сипат береді. Мәдениет саласындағы ықпалдастығымыз белсенді дамып келеді. Италия Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Мәдениет орталығын ашады. Елорданың бір көшесін Марко Полоның құрметіне атау туралы ұсынысыңыз қос мемлекеттің байланысын одан әрі тереңдетуге бейіл екеніңізді көрсетеді. Бұл қолдауыңыз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Серджо Маттарелла.
Келіссөз соңында тараптар Президент Серджо Маттарелланың ресми сапары Қазақстан – Италия қарым-қатынасы тарихының жаңа парағын ашатынына сенім білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, Марко Поло – әйгілі венециялық саяхатшы, көпес әрі зерттеуші. Ол шамамен 1254 жылы Венецияда дүниеге келген. 1271 жылы әкесі Николо мен ағасы Маттео Поло екеуімен бірге Ұлы Жібек жолы арқылы Қытайға сапар шегіп, 24 жыл бойы Азия елдерін аралаған. Саяхат барысында Парсы, Орта Азия, Үндістан, Моңғолия және Қытай жерлерінде болып, Құбылай ханның сарайында қызмет атқарған. Сапарлары туралы атақты «Марко Полоның саяхаттары» атты кітап жазып, Еуропаға Азия жайлы алғашқылардың бірі болып мол ақпарат жеткізді. Оның жазбалары жаңа жерлерді танып-білуге жол ашып, кейінгі жиһанкездерге, соның ішінде Христофор Колумбқа да үлкен ықпал етті. Марко Поло әлемді зерттеуге, мәдениеттерді жақындастыруға елеулі үлес қосқан тарихи тұлға ретінде есте қалды



