70-ке жуық қазақстандық Ираннан шығарылды


Соңғы екі күн ішінде 70-тен астам қазақстандық азамат Ираннан шығуға жәрдем алған. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Атап айтқанда, Иранда іссапарда жүрген алты қазақстандық азаматқа Әзербайжан аумағы арқылы елге оралуға көмек көрсетілді», – деді министрлік өкілі.
Оның айтуынша, 2025 жылғы 15 маусымда Қазақстанның 68 азаматы, оның ішінде дипломаттардың отбасы мүшелері, экономикалық ынтымақтастық ұйымының хатшылығында іссапармен жүрген қазақстандық мамандар, сондай-ақ Иранда қызметтік сапармен болған өзге де азаматтар Түрікменстан арқылы елден шығарылған.
«Азаматтарымыз алдағы күндері Қазақстанға оралады», – деді Смадияров.
Сонымен қатар, ҚР СІМ мәліметінше, Ирандағы Қазақстанның шетелдегі мекемелері қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.



