00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өткен жылды қорытындылады

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өткен жылды қорытындылады
ашық дереккөз

Елордада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2022 жылғы жұмыс қорытындысы мен алдағы кезеңге жоспарлары туралы бойынша алқа отырысы өтті, деп  хабарлады Elorda.info тілшісі.

Қорытынды жиында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою мақсатында ЖОО-ның үздік түлектерін аудан және ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау және «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен тікелей тағайындау туралы айтылды. Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаевтың сөзінше, бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандырып, басшылардың өз қызметшілері үшін жауапкершілікті арттырады.  

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес агенттік жаңа тәсілдер әзірлеп, Мемлекеттік қызмет туралы заңға қажетті түзетулер енгізді. Бұл түзетулер оқуды үздік аяқтаған студенттерге оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындауға мүмкіндік береді. Екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметкердің лауазымы төмендетіледі. Ол төменгі бос лауазым болмағанда қызметтен шығарылады,- деді Дархан Жазықбаев.

Агенттік төрағасы өз баяндамасында жаңа заң жобасында Президент шешімімен саяси қызметшілерді «сенім жоғалтуына» байланысты жұмыстан шығару тәсілі енгізілетінін айтты. Мұндай себеппен шығарылған қызметші мемқызметке үш жыл бойы қайтып келе алмайды. Сондай-ақ өзге өңірге жұмыс бабымен қоныс аударған қызметшіге үй жалдауға төлем енгізілмек.

Алқа отырысында былтыр Әдеп жөніндегі кеңестерде қаралған тәртіптік іс туралы да айтылды. Мысалы, 2022 жылы бақылау негізінде 305 іс қозғалған болса, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 29 пайызға азайған. Қызмет алушының құқығын қорғау негізінде өңірлерде негізсіз бас тарту және толық жауап бермеу деректері анықталып, 124 қызмет алушының құқығы қорғалған. Кадр құжаттамасын цифрландыру мәселесі де баяндамада айтылды. Мемлекеттік қызметке үміткерлерге онлайн режимде іріктеуден өтуге мүмкіндік беретін «Е-қызмет» жүйенің сыртқы порталы әзірленіп бітті.

Агенттік төрағасының айтуынша, биыл 1 наурыздан бастап пилоттық сынақтан 5 мемлекеттік орган өтетін болады.

«Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталында іске асырылатын мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленді, онда конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.  Пилоттық сынақ  1 наурыздан бастап 5 мемлекеттік органда өтетін болады. Олар:  Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сауда жəне интеграция министрлігі, Ақмола облысы және Шымкент қаласы әкімдіктері. Сонымен қатар биыл «Е-қызмет» жүйесінің 14 модулі жаңартылады. Бұл жұмыс 2023 жылы аяқталып, жаңартылған жүйе келесі жылдың басынан мемлекеттік органдар қосылуы арқылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, – деді Дархан Жазықбаев.

«Е-қызмет» жүйесі мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатады. Өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығы немесе өзге бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеру, біліктілік талаптарына сай келуін қарау автоматты түрде жасалатын болады.

Қорытынды алқа отырысында биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу өткізілетіні туралы айтылды. Бұл ретте резервшілердің салалық топтары қайта қарастырылмақ.

Президенттік жастар кадр резервімен қатар биыл Агенттік өңірлерге талантты жастарды барынша тартуға ден қойып отыр. Өңірдегі жастарға әлеуметтік лифтті қамтамасыз ету үшін республиканың барлық аймақтарында өңірлік жастар кадр резервтерін құруды жоспарлап отырмыз, – деді Агенттік төрағасы.

Айта кетейік, отырысқа Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, Қоғамдық кеңестің өкілдері, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, аумақтық департаменттердің басшылары, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Мемлекеттік қызмет персоналын басқару жөніндегі ұлттық орталықтың қызметкерлері қатысты.