Президент: Көк паспортымыз ұлттық бірегейлігіміздің айқын нышанына айналды


Әр құрлықтағы түрлі мемлекеттің азаматтары тұрақты тұру немесе демалу үшін Қазақстанды жиі таңдайтын болды. Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Көк паспортымыз ұлттық бірегейлігіміздің айқын нышанына айналды. Жыл өткен сайын төлқұжатымыздың абырой-беделі көтеріліп келеді. Бұл халықаралық қауымдастықтың бізге деген қызығушылығы артып, еліміздің ықпалы күшейе түскенін көрсетеді. Әр құрлықтағы түрлі мемлекеттің азаматтары тұрақты тұру немесе демалу үшін біздің елді жиі таңдайтын болды. Бұл – кездейсоқтық емес. Қазақстан беделді халықаралық рейтингтердегі қауіпсіздік индексі бойынша айналамыздағы көптеген мемлекеттердің бәрінің дерлік алдында тұр. Ал заң үстемдігі индексіндегі «Тәртіп пен қауіпсіздік» көрсеткіші бойынша, 142 елдің ішінен 43 орынға табан тіреді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



