Аманжол Әлтаев: Елдіктің анасы – бірлік


Танымал айтыскер ақын Аманжол Әлтаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында ұйымның 30 жылдығына орай сөйлеген сөзіне қатысты өзінің Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстанда қазақ ұлты және 130-дан аса ұлт өкілдері тұрады. Ұлт тағдырының арпалысқа толы жолында талай қиын кезеңдерден өттік. Сынға салған тар замандарда торыққан сәтеріміз де аз болмады. Бірақ, намысымызды, болашаққа деген үмітімізді жоғалтпадық. Тағдыр тәлкегімен, сол замандардағы саяси жүйе мәжбүрлеуімен елімізге мұңайып келгендердің маңдайынан сипап мейірімділік таныттық, арып-ашып келгендермен бір күлше нанымызды бөлісіп жеп төрімізді бөлістік. Бұл мінез — Қазақ ұлтының бойындағы ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше болмысы еді. Абай атамның «Адамзаттың бәрін сүй жақыным деп!» деген даналық идеясын жүрегімізге бойтұмардай сақтай білдік. Пейіліміз бен мейіріміміз бүгінгі бейбіт кезеңге жеткізді. Осы тұтастықты, ортақ мақсатқа бірге жұмылу иммунитетімізді әлсіретіп алмауымыз керек», - деді А.Әлтаев.
Депутат Президенттің көрші мемлекеттер туралы айтқан сөзіне тоқталды.
«Президент Қ. К. Тоқаев бекітіп берген «Таза Қазақстан», «Кітап оқитын ұлт» секілді салауаттылыққа жетелейтін маңызды бастамалардың көш басында болғаны жөн. Қазақ тілінің ұлтаралық түсіністіктің ең басты құралына айналуына күш салғанын тілеймін. Соның нәтижесінде мемлекеттік тіліміз - Қазақстанда тұратын барша ұлт өкілдерінің ортақ тіліне айналғанын көксеймін. «Бір Ұлт - бір мүдде» идеясының ең маңызды қадамы да мемлекеттік тілді бірге меңгеруден басталсын. Әлемдегі геосаяси ахуал күрделеніп, теңіздей толқып тұрған кезеңде Мемлекетіміздің іргесінің берік болуы - ішкі бірлігімізге, ортақ мақсатқа жұмыла білуімізге байланысты. Ұлтаралық келісім бар жерде керегеміз сетінемейді, Қазақстан халқына ортақ тұтастық, ауызбіршілік бар жерде туымыз қисаймайды. Бүгінгі ассамблеяның 30 жыл толған мерейтойлық жиынында Қ. К. Тоқаев Отанымыздың болашағының ең басты құнды бірлік екенін, ел ішіне іріткі салуға жол жоқ екенін баса айтты. Көрші елдермен тату болу, алыс шетелдермен де алтын көпір орнату мызғымас ұстанымымыз екенін жеткізді», - деді ол.



