Президент Жасыл климат қорының атқарушы директорын қабылдады


Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесуде Қазақстан мен Жасыл климат қорының ынтымақтастығын нығайту перспективасы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз қоршаған ортаны қорғауға, соның ішінде орман қорын сақтау мен көбейтуге, табиғи ресурстарды оңтайлы пайдалануға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Қазақстан келесі жылы Аймақтық климат саммитін өткізуді жоспарлап отыр. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – өзекті мәселелердің шешімін бірлесіп іздеу, табиғат өзгерістеріне бейімделу, азық-түлік пен су қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - деді Президент.
Мафальда Дуарте климат проблемаларын шешуге бағытталған Қазақстанның күш-жігеріне қолдау білдірді. Сондай-ақ Ұлттық бейімделу жоспарының орындалуына жоғары баға берді.
Табиғат апаттарының тәуекелдерін басқару және ерте құлақтандыру жүйелерін енгізуді қарастыратын аталған жоба Жасыл климат қорының және БҰҰ Даму бағдарламасының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Әңгімелесу барысында табиғатты аялау және қоғамның экологиялық мәдениетін жетілдіру маңызды екені айтылды.