Жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге қаржылық көмек көрсетіледі - Астана қаласы әкімдігі


Астана қаласы әкімшілігі автобустың қатысуымен болған жол-көлік апаты жөнінде мәлімет берді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
«Қоғамдық көліктің соқтығысуы салдарынан үш жолаушы медициналық мекемелерге жеткізілді. Олардың жағдайы ауыр және аса ауыр деп бағаланып отыр. Олардың бірінің аяғының төменгі жағы ампутацияланды. Қала әкімдігі зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Сондай-ақ материалдық және басқа да қажетті қосымша көмек көрсетілетін болады. Зардап шеккен жолаушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес, медициналық және сақтандыру сараптамалары жүргізілгеннен кейін ақшалай өтемақы төленеді», - делінген хабарламада.
Автобус жүргізушісінің жолаушылар көлігін жүргізу саласында жалпы еңбек өтілі 15 жылдан асады, ал автопаркте 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Оқиға болған күні ол алдын ала міндетті медициналық тексерістен өтіп, жұмысқа жіберілген. Жұмысқа демалыстан кейінгі алғашқы күні шыққан. Автобус 2024 жылғы, желіге шыққан сәтте техникалық тұрғыдан жарамды күйде болған.
Аталған факт бойынша қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Жан-жақты тексеру жүргізілуде, барлық мән-жай анықталып жатыр.
Сонымен қатар, автобустар желіге шықпас алдын автобус паркінің жауапты қызметкерлері күн сайын мынадай жұмыс жүргізеді:
* көліктің көзге көрінетін тұстағы зақымдарын тексеру;
* жүргізушіге қажет жиынтықтың (өрт сөндіргіш, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, сүйреткіш арқан, домкрат, апаттық тоқтау белгісі) болуын тексеру;
* негізгі тораптар, жүйелер мен механизмдердің жұмыс істеуін тексеру;
* жүргізушілердің медициналық тексерісі (қан қысымын өлшеу, дене қызуын өлшеу және т.б.).
Еске салайық, бұған дейін елордада жолаушылар автобусының апатқа ұшырауы салдарынан бір адамның аяғына ампутация жасалғанын жазған едік.
Сондай-ақ Республика даңғылы бойында жолаушылар автобусы жол жиегіндегі бағанаға соғылып, жарақат алған 10 адам қалалық стационарға жеткізілгені туралы хабарлаған болатынбыз.