«Жауабым құрастырылған»: Шерзат Полаттың ісі бойынша басты күдікті өзінің берген жауабын өзгертті


Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысында айыпталушы Абзал Шынасыл жауап берді, деп деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сотта оның қайта жауап алу кезіндегі жауабы оқылды. Қорғаушы тарап Абзал Шынасылдың жауаптарында қарама-қайшылық бар екенін айтты.
«Сіз қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде берген жауабыңызда «тек Нұрқанатқа пышақ сұқтым» деп көрсеттіңіз. Күдікті ретінде берген жауабыңызда «тек Шерзатқа пышақ сұғып алдым» дедіңіз. Ал Нұрқанатпен беттестіру барысында оған үш мәрте және Шерзатқа бір мәрте пышақ сұғып алдым» деп көрсеттіңіз. Не себепті жауаптарыңызда қарама-қайшылық орын алып отыр?» ,- деді қорғаушы.
Басты күдікті деп танылған Абзал Шынасыл 16 қазаннан кейінгі жауаптары құрастырылғанын айтты.
«Мен Шерзат Полатқа пышақ кіргенін мойныма алған кезде Нұрқанатқа пышақ салғаным өзіме ауыр болмасын деп Шыңғыспен келіскен болатынбыз. Кейін Шыңғыс Белқожаев бас тартты. Содан кейін екеуін де өзіме алдым. Кейін ойландым. Мен Шерзат Полатқа пышақ салған жоқпын. Мен тек Нұрқанатқа пышақ салдым. 16 қазаннан кейінгі жауабымның барлығы құрастырылған»,- деді ол.



