«Жүргізуші куәлігін алып беремін»: Астанада алаяқтық жасаған ер адам ұсталды

Астанада полицейлер жүргізуші куәлігін алып беруге көмектесемін деген сылтаумен азаматты алдаған ер адамды жауапқа тартты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Күдікті жәбірленушімен ортақ таныстары арқылы кездесіп, құжат рәсімдеу процесін жеделдетуге «таныстары көмектесетінін» айтып сендірген. Ер адам ауызша сыйақыға келісіп, жеке деректер мен алдын ала төлемді алғаннан кейін байланысқа шықпай кеткен.
Аталған дерек бойынша полиция тарапынан алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Полиция ескертеді: жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға талпыныстардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
«Көлік жүргізу құқығын алу тек белгіленген тәртіппен – оқудан өтіп, емтихан тапсыру арқылы ғана мүмкін. Азаматтарға қырағылық танытып, бейтаныс адамдардың ақшаға заңсыз көмек көрсету туралы уәделеріне сенбеу қажет. Күмәнді жағдай туындаған кезде «102» нөміріне хабарласу ұсынылады», - делінген хабарламада.



