Әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар елге оралды


Бұл туралы отбасының құқық қорғаушысы Инга Иманбай өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ербаян Мұхтардың емінің бірінші кезеңі аяқталып, ол Астанаға жолға шықты. Яғни Ербаянымыз екі-үш ай елде болады. Басына жасалған отадан кейін толыққанды реабилитация бастау үшін оның ағзасы біраз уақыт демалуы керек екен. Көктемде ол Түркияға қайта ұшып, екінші кезең, реабилитацияны бастайды»,- деп жазды Инга Иманбай.
Заңгердің сөзінше, Астанада Ербаян нейрохирург профессор Гёкхан Акдемирдің толық бақылауында болады.
«Бір айдан кейін дәрігердің өзі ұшып келіп, жағдайын өз көзімен көріп кетемін деп отыр. Гёкхан Акдемир Ербаянның басына ота жасаған дәрігер. Ол кісіге ерекше алғысымызды айтқымыз келеді. Сонымен қатар, Ербаян Стамбулда болғанда емін ұйымдастырып, аударма жасап, жандары қалмай көмектескен Динара мен Реджепке де алғыс айтамыз.
Жуырда Ербаянның ата-анасы бірінші кезең еміне кеткен қаражат бойынша есеп беріп, осы аралықта төленген қаражаттың чектерін жариялайды. Осының барлығы Сіздердің арқаңызда екенін біз ешқашан ұмытпаймыз. Ербаянның емі ұзақ екенін, шыдам мен табандылықты қажет ететінін ескеріп, оған тек қуат пен жігер тілейміз»,- деді ол.
Айта кетейік, 2023 жылы желтоқсан айында Алматыдағы 5571 әскери бөлімнің ұлттық гвардиясында қызмет еткен Ербаян Мұхтар комаға түскен болатын. Әскери бөлімдегілер оның әжетханада құлап, басын плиткаға соғып алғанын айтып, бұл оқиғаны жазатайым жағдай деп түсіндірген.



