Шерзат ісі: Трансляцияға түсіп қалған «біртүрлі» диалог тексерілетін болады


Жақында әлеуметтік желіде Шерзат Полаттың өлімі бойынша айыпталушылардың сот залынан күліп шығып бара жатқан видеосы тарады. Осыған қатысты қылмыстық тексеру жүргізіліп, бүгінгі сот отырысында судья Ержан Жанұзақов тексеріс нәтижесін жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Осы қылмыстық іс бойынша 29 сәуірде өткен тікелей эфирден кейін интернетте таралған күдіктілердің видеосы туралы жүргізілген қызметтік тексерістің нәтижесін жариялаймын. Қызметтік тексеріс барысында техникалық қызметкерлердің трансляцияны уақытылы тоқтатпағаны, соның салдарынан күдіктілердің видеосы эфирге шыққаны анықталды. Осыған байланысты техникалық қызметкерлер Рустем Муксинов, Нәзира Оразалиева және Сәуле Кайдағұлова тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп мәлімдеді судья.
Осыдан кейін Ержан Жанұзақов кеше әлеуметтік желіде сот отырысына байланысты аудиожазба таралуына байланысты жеке қаулы шығару үшін кеңесу бөлмесіне шықты.
«Кеше әлеуметтік желілерде сот процессіне қатысы бар белгісіз адамдардың әңгімесін қамтитын бейнежазба таратылды. Осыған орай сот жекеше қаулы шығаруды қажет деп тапты. Прокурор бейнежазбаның шынайлығын, диалогқа қатысушылардың кім екенін, олардың сөзінің мазмұнын анықтап, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдауы тиіс. Сонымен қатар ҚР Конституциясына сәйкес, іс бойынша шешімді тек сот қана қабылдайтынын еске саламын.Кез келген жорамал мен арандатушылық әрекетке жол берілмейді»,- деді судья.
Еске сала кетейік, кеше басты айыпталушы Абзал Шынасылдан жауап алынды. Тікелей эфирде сот аяқталғаннан кейін белгісіз екі адамның әңгімесі тікелей эфирге түсіп қалған. Диалог кімдердің арасында болғаны белгісіз.
«Көзімнен жас шығып кете жаздады ғой, дұрыс сөйледім бе?», - дейді сұрақ қоюшы.
«Саған көп сұрақ қоймайды, уайымдама! Сөйлесіп қойғанмын»,- деп жауап береді жазбада.
Желі қолданушылары айыпталушылар мен олардың қорғаушылары арасындағы диалог деп болжам жасап жатыр.



