Сарыағашта даун синдромы бар баланы қызметкер таяқпен ұрған


Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы коррекциялық орталықта даун синдромы бар балаға қызметкердің күш көрсетіп жатқан видеосы тарап кетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Видеодағы 13 жастағы Еркебұлан Жақыбай – ерекше күтімді қажет ететін бала. Даун диагнозы бар бүлдіршін Сарыағаш қаласындағы «Ақылды бала» коррекциялық орталығына барады екен.
Сурет пәнінен сабақ беретін Марлен есімді азаматтың баланы аяғынан сүйреп, жерде жатқызып, бұрышқа тақап қойып күш көрсеткен сәті видеоға түсіп қалған.
Еркебұланды сабақтан алып кетуге келген анасы Гүлжауһар Жорабековаға баласы: «Ағай мені ұрды. Қатты қорқып кеттім, жүрегім ауырып жатыр» деп жылаған. Еркебұланның жүрегіне бұған дейін екі рет ота жасатқан.Егер сол сәтте жүрегі тоқтап қалса — кім жауап береді?
Түркістан облысының білім басқармасы видеода көрсетілген жағдайды назарға алып, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізген. Оқиға жекеменшік коррекциялық орталықта болған.
«Бейнематериалдағы ер адам – мұғалім емес, арт-терапевт маманы. Ол орталық тарапынан жұмыстан босатылды. Бүгінде балаға қажетті психологиялық қолдау көрсетілді. Қазір баланың жағдайы жақсы, тұрақты сабаққа қатысып жүр деп хабарлаймыз», – делінген Облыстық білім басқармасының түсініктемесінде.
Түркістан облысы полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған.
Ал мұны көрген оқырмандар да көбі балаға қатыгездік танытқан қызметкерді жұмыстан шығарып қана қою аз, оны жазалау қажеттігін жазды.
«Енді ерекше баласы бар аналар қалай өмір сүреді?», «Байғұс балалар, олар арыздана да алмайды ғой», «Неге жай жұмыстан шығарылған? Жұмыс беруші де қызметшінің әрекетіне қатысты жауап беруі керек, өйткені құқық бұзушылық орталықта болған ғой», «Енді балаларға қорлық көрсеткендерді қылмыстық жауапкершілікке тартатын кез келді» деп жазды олар.



