«Не істерімді білмей қалдым»: Шерзат Болаттың ісіндегі куәгерлердің бірі сотта болған жайтты айтып берді

Бүгін, 12:34
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Не істерімді білмей қалдым»: Шерзат Болаттың ісіндегі куәгерлердің бірі сотта болған жайтты айтып берді
Фото: скриншот/Жоғарғы сот

Бүгін Шерзат Болаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша басты сот талқылауының тікелей эфирі жалғасып жатыр. Шерзат Болаттың ісіндегі куәгер Эльмира Нұрбекова сотта жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сотта жәбірленушілердің адвокаты былтыр қазанда куәнің берген жауабының видеосын қосуды сұрады.

Эльмира Нұрбекова 1992 жылы дүниеге келген. Оны кафеге сотталушылардың бірі арнайы шақырған. Бәрі бірге жиналып, алдымен кафеде отырған. Кейін олар дүкеннің алдына барған.

«Машина тоқтады. Балалар шығып кетті.  Дүкеннің қасында 5-6 бала тұрды. Солардың қасына барып сөйлесіп тұрдық. Біз Дана екеуміз көлікте отырдық. 5 минуттан кейін біз түстік. Балалардың қасынан өтіп, дүкеннің жанында тұрдық. Не туралы сөйлесіп жатқанын естімедім, тек бұрылып қарағанда біреуінің көзі көгергенін байқадым. Ісіп тұрды, бетінде сырылған жарақат болды. Дүкенге кірдік, онда екі бала тұрды. Сатушы ашулы болып тұрды. Сатушыдан «темекі сатасыз ба?» деп сұрадық. Ол кісі «шығыңдар, дүкеннен, ештеңе сатпаймын» деді. Біз шығып кеттік. Сатушы дүкеннің есігін жаба бастаған кезде ана балалар «жоқ, жаппайсың» деп оны итеріп жіберді. Бізбен бірге келген екі бала дүкеннің есігін теуіп, ана кісіні желкесінен ұстап есігінен шығарып жіберді. Біреуі қара куртка, біреу қара кофта киген. Дүкеннің алдында қара машина тұрды. Дүкенге қарама-қарсы бес қабатты үйден қара шалбар, сұр түсті кофта киген бала мылтықпен жүгіріп шықты. Аспанға қарай бір рет оқ атты. Ол тағы оқталғанда мен Равильді құшақтап алдым да, «Қойсаңдаршы» деп айттым, содан кейін ол менің қолымнан шығып кетіп, жүгіріп кетті. Содан соң көлік жаққа қарай жүгірдім. Дананың қасына барып тұрдым. Машинаның артында отырдық. Содан кейін бейтаныс әйел көмек сұрап айқайлады. Алға шығып бұрылыстан топ тұрған жаққа қарадым. Қозғалыстарынан олардың біреуді теуіп жатқанын көрдім», - деп жауап берді куәгер жауап алынған күні жазылған видеода. 

Куәгердің айтуынша, одан соң төбелесіп жатқан топ баланың қасына жүгіріп келген.

«Мен жүгіріп келдім де, қара куртадағы баланы ұстап алдым. «Қойсаңдаршы» деп оны тартқанда баланы көрдім де, не істерімді білмей, өзімді жаман сезініп қалдым. Біреу мені көлік жаққа тартып алып кетті. Ол жақта алдымда әйел кісі тұрды. Жылап, видеоға түсіріп тұрды. Ол кісіге «Неге видеоға түсіріп жатырсыз, жедел жәрдемді шақырмайсыз ба» дедім. Сосын мені көлікке отырғызып тастады», - деді ол.