«Нең бар біздің арамызда»: Айыпталушылардың бірінің әріптесі сотта түсініктеме берді

Бүгін, 16:03
Айман Нығмет Айман Нығмет
«Нең бар біздің арамызда»: Айыпталушылардың бірінің әріптесі сотта түсініктеме берді
фото: видеодан алынған кадр

Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы куәгер Әлихан Балпықтан алынған жауап алу хаттамасын оқып берді.

«Түнгі сағат 23:00 шамасында мен үйден анамның атына тіркелген « Hyundai Tucson» автокөлігімен шығып, Талғар қаласының орталығына бардым. Мен негізі ақыға адам тасымалдаумен айналасымын деп ойлағанмын. Алайда адам шықпаған соң орталықта тұрдым. Содан кейін «Ақбұлақ» курорт орталығына қарай бардым. Себебі сол жақта видео түсіріп, Instagram-ға салу ойымда болды. Солай видео түсіріп, ол жақтан «Биатлон» деп аталатын шаңғы тебетін жерге шықтым. Оған барар жолда тауға көтеріліп жатқанда ешкім болмаған. Шамамен 5 минуттан кейін Рұсқұлов ауылына қарай түсіп келе жатқан кезде жолдың бойында он жағында «Mercedes benz» қара түсті мемлекеттік нөмірсіз жоқ автокөлік тұрды. Сонымен қатар көкшіл  «гольф» автокөлігі тұрды. Мен ол көлікті танып қойдым. Ол менімен бірге жұмыс істейтін Тоқтаубаев Нұрболдың автокөлігі болатын. Сол себепті мен ол жерге тоқтадым. Ол жерде Тоқтаубаев Нұрбол, оның інісі Азамат, Шыңғыс пен Дархан тұрды. Ал автокөліктердің ішінде кімдер болғанын көрген жоқпын. Мен осы жігіттермен амандастым. Олардың мас күйде тұрғанын көрдім. Сол себепті тезірек кетіп қалуды ойладым. Сосын осы жерге «Land Cruiser Prado» автокөлігі келді. Оның ішінен Нұрқияс деген жігіт түсті. Нұрқияс менімен амандасып, не істеп жүрсің деп сұрады. Мен оған жай видео түсіріп жүргенімді айттым. Сол кезде ол маған, “мына жерден кете бер, нең бар біздің арамызда” деп айтты. Мен автокөлігіме отырып кетіп қалдым»,- деп жазылған жауап алу хаттамасында.