Ұлытау облысында есірткі сатумен айналысқан интернет-дүкен анықталды

Бүгін, 14:12
Айман Нығмет Айман Нығмет
views59
Ұлытау облысында есірткі сатумен айналысқан интернет-дүкен анықталды
фото: Оңалхан Өнерхан

Ұлытау облысының арнайы прокурорлары «Kaef Mafia» Telegram-дүкенінің қызметін талдау нәтижелері бойынша Республиканың аумағында синтетикалық есірткі заттарын байланыссыз тәсілмен өткізуді жүзеге асырғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Қылмыстық схема «байланыссыз байланыс» қағидаты бойынша ұйымдастырылып, «дропперлердің» банктік карталары арқылы жүзеге асырылған.

«Тергеу барысында есірткі заттарына төлем қабылдау үшін қолданылған 200-ден астам «дропперлік» карта, сондай-ақ қылмыстық схеманы үйлестірген 4 Ресей мен Украина азаматтары анықталды. Күдіктілердің 3 қамауға алынып, 4 іздеуге жарияланды. Олардың қатарында қаражатты шетелге криптовалютаға шығарып отырған тұлға да бар»,- делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта екі күдіктіге қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, заңсыз есірткі айналымынан түскен 3,2 млрд теңге көлеміндегі активтер тәркіленіп, сот шешімімен мемлекет кірісіне өткізілді. Бүгінгі таңда Telegram-дүкені банктік карталар арқылы төлем қабылдамайды.

Қалған қатысушыларға қатысты тергеу жалғасуда.