Кәсіби фотоаппарат алмақ болған елордалық 500 мың теңгесінен айырылды


27 жастағы елордалық интернет қосымшасында жарияланған хабарландыруға қызығушылық танытып, кәсіби Canon фотоаппаратын сатып алмақ болған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Polisia.kz жазуынша, ол хабарландыру иесімен байланысқа шығып, келісілген соманы көрсетілген есепшотқа аударған. Алайда, ақша аударылған соң сатушы байланысқа шықпай, барлық мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде оны бұғаттап қойған. Осылайша фотоаппарат өз иесіне жетпеген.
Осы оқиға салдарынан шамамен 500 мың теңге шығын келтірілген. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда күдіктінің интернеттегі әрекеттері мен жеке деректері анықталып жатыр. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Полиция интернет алаяқтарының әдістері күн сайын өзгеріп, күрделеніп бара жатқанын ескертеді. Әсіресе онлайн сауда кезінде сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.



