«Грантқа түсіремін»: Астаналық азаматты алдаған алаяқ ұсталды

Бүгін, 13:15
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views53
«Грантқа түсіремін»: Астаналық азаматты алдаған алаяқ ұсталды
Фото: freepik.com

Астанада полицейлер 33 жастағы қала тұрғынын жоғары оқу орнына грантқа түсіремін деген сылтаумен алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Күдікті делдал арқылы және интернет-ресурстарды пайдаланып жәбірленушімен байланысқа шыққан. Ол өзін ЖОО-ға оқуға қабылдау мәселесін «шешіп бере аламын» деп таныстырып, сенімге кіріп, алдын ала төлем ретінде 130 мың теңге алған. Ақшаны алған соң байланысқа шықпай қойған.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны басқа өңір аумағында қолға түсіріп, Астанаға жеткізді.

Белгілі болғандай, бұл азамат бұған дейін де осындай алаяқтық қылмыстарға қатысы бар екені анықталған.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, жауапкершілікке тартылды.