Елордада жасырын ет цехтары анықталды

26 мамыр, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордада жасырын ет цехтары анықталды
фото: Polisia.kz

Елордада өткен «Қылмысты тоқтату» жедел алдын алу шарасы барысында криминалдық полиция қызметкерлері заңсыз жұмыс істеген ет өңдеу және сату цехтарын анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тексеру кезінде гараж түріндегі үй-жайда 39 жастағы азамат ет өнімдерін санитарлық талаптарға мүлде сай келмейтін жағдайда өңдеп жатқаны белгілі болды. Оқиға орнынан тәртіп сақшылары жалпы салмағы 600 келіден асатын ірі қара мен жылқы етін, сондай-ақ тартылған етке арналған шикізатты тәркіледі.

Сонымен қатар 37 жастағы тағы бір азаматтың ешқандай рұқсат құжатынсыз қосалқы үй-жайда ет өнімдерін заңсыз саудалап келгені анықталды.

Тәркіленген өнімдерге зертханалық сараптама тағайындалды. Нәтижесіне қарай олар жойылуы мүмкін немесе басқа шешім қабылданады.

Басылымның хабарлауынша, заң бұзушыларға қатысты тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылып, жауапкершілікке тарту шаралары қабылданып жатыр.

Астана қалалық полиция департаменті ветеринарлық бақылаудан өтпеген ет өнімдері адам денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.