Батыс Қазақстан облысында пилотсыз ұшатын белгісіз аппарат табылды

20 ақпан, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Батыс Қазақстан облысында пилотсыз ұшатын белгісіз аппарат табылды
Фото: mgorod.kz

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданындағы Ұялы ауылының маңына белгісіз ұшу аппараты құлады. Оны жергілікті тұрғындар тауып алған, деп хабарлады Elordainfo.kz «Мой Город» сайтына сілтеме жасап.

Анықталған нысанның ұзындығы – 120 сантиметр. Оқиға орнына полиция мен құтқарушылар барып, тексеру жұмыстарын жүргізді.

Куәгерлер түсірген суреттерге қарағанда, бұл француздық Sagem компаниясы әзірлеген Crecerelle барлау дроны болуы мүмкін. Бөкей ордасы ауданы әкімдігі дронның құлағанын растағанымен, бұл туралы пікір білдіруден бас тартты.

Ал БҚО полиция департаментінің мәліметінше, құлаған нысанға байланысты тексеру жұмыстары басталған.

«Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылы маңында пилотсыз ұшу аппаратына ұқсас заттың құлауына байланысты полиция департаменті уәкілетті органдармен бірлесіп тексеру жүргізуде», – деп хабарлады ведомство.