Батыс Қазақстан облысында қаржылық пирамида ұйымдастырғандар ұсталды


Батыс Қазақстан облысында «Life is good Hermes Management Ltd» қаржылық пирамидасын ұйымдастыру ісі бойынша үкім шығарылды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында айыпталушы әлеуметтік желілерде өзін табысты кәсіпкер ретінде таныстырып, азаматтарға 1 100 евро мөлшерінде қолма-қол ақша инвестициялау арқылы пәтер сатып алуға ақша жинау мүмкіндігін ұсынғаны анықталды.
Ол өз жәбірленушілерін инвестицияланған сомадан жыл сайын 20%-дан астам табыс тауып, 10 жыл ішінде пәтер сатып алу мүмкіндігі бар деп алдаған.
Сонымен қатар, жаңа салымшыларды тартқандарға пассивті табыс табу мүмкіндігі ұсынылған. Яғни, әрбір тартылған жарнадан 2%-дан 18%-ға дейінгі пайда табу уәде етілген.
Нәтижесінде пирамиданың іс-әрекетіне айыпталушы 42 адамды тартып, 56 млн теңгеден астам шығын келтірген.
Қылмыстық іс аясында жүргізілген қаржылық тергеу нәтижесінде айыпталушының заңсыз алынған ақшалай қаражатқа Астанадағы элиталық тұрғын үй кешенінен 85 млн теңгеге пәтер сатып алғаны анықталды. Кейіннен пәтерді тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді тұлғаға рәсімделген.
Сот үкімімен айыпталушы ҚК 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (қаржылық пирамида құру және оған жетекшілік ету) және ҚК 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны және басқа мүлікті заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылып, оған 5,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қылмыстық жолмен иемделген қаражатқа сатып алынған пәтер азаматтық талап-арыздар бойынша келтірілген зиянды өтеуге жұмсалды.
Қаржылық мониторинг агенттігі 2024 жылы 42 қаржылық пирамиданы жойғанын айта кету керек.
Схемалардың ұйымдастырушылары салымшыларға 20 млрд теңгеден астам зиян келтірген. Оның 13 млрд теңгеден астамы қайтарылып, 78 адам сотталды.
Сонымен қатар, алаяқтық схемаларын жарнамалайтын 15 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталды, «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» мессенджерлерінде 327 чат жабылды.
Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы.



