«Балаң денсаулығын қойып береді»: Қаржаубай Шерзат көз жұмған күн туралы айтып берді


Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сот отырысында оқиға болған күнді егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қаржаубай Нұрымов баласы ұрып жіберген Дархан Әскентайдан кешірім сұраған.
«Дархан бірінші рет келгенде арамызда ештене болған жоқ. Екінші рет телефонын қуаттауға қоятын кезде дөрекі сөйлесті. Мен ол мас болған соң мән бермедім, бірақ оны Шерзат естіп қойды. Содан сыртқа шығып кетті.
Дүкен терезесінен екеуінің дауыс көтеріп сөйлесіп жатқанын естідім. Мен сыртқа шыққанша балам ол жігітті ұрып жіберді. Содан балама ескерту жасап, Дарханнан кешірім сұрадым. Мен оған «ауруханаға апарайын, ақыңды төлеп берем» дедім. Жездесін танитын болған соң, оған да звондаймын дедім. Бірақ ол телефон алмады»,- деді Шерзаттың әкесі.
Мемлекеттік айыптаушы кешірім сұраған кезде Дархан Әскентайдың қалай жауап бергенін сұрады.
«Мен кешірім сұрағанда «кешірмеймін, балаларды шақырамын. Балаң жауап береді, денсаулығын қойып тастайды» деп айтты. Бірақ мен сонда да оған «балаларды шақырмай-ақ қой, өз арамызда шешейік. Ол жас бала, 16 жаста. Сен өзің дөрекі сөйледің, егер олай айтпағанда былай болмайтын еді» дедім. Қолымнан келгенше кешірім сұрадым»,- деді Қаржаубай Нұрымов.