Астанадағы қайғылы жол-көлік апаты: жүргізуші көз жұмды


Астанада Оқушылар сарайының маңындағы Тоқпанов көшесінде қайғылы жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Kia K5 көлігінің жүргізушісі кенеттен рөлді басқара алмай, нәтижесінде көлік тротуарға шығып кетті. Автокөлік көгалдан өтіп, тұрғын үй кешенінің кіреберісіндегі бұталарға тірелді.
Оқиға болған кезде тротуарда жаяу жүргіншілер болған жоқ. Автокөліктің салонында тек 39 жастағы жүргізуші болған. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның қайтыс болғанын айтты», - делінген Kris_p_astana Telegram-арнасында.
Денсаулық сақтау басқармасы марқұмның жүрек талмасынан көз жұмғанын растамады.
«Осы жазатайым оқиға бойынша қаланың денсаулық сақтау басқармасы «103» пультіне «көліктің бағанаға соғылуы» себебімен шақыру түскенін хабарлайды. Келгеннен кейін жедел жәрдем бригадасы көлік жүргізіп келе жатқан адамның қайтыс болғанын айтып үлгерді. Мәйіт полиция қызметкерлеріне берілді», - делінді Денсаулық сақтау басқармасы берген хабарламада.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Жеңіл автомобиль жүргізушісі Тоқпанов көшесінен Шарль де Голль көшесі бағытына кетіп бара жатып, денсаулығының күрт нашарлауына байланысты көлікті басқара алмай қалған. Оқиға салдарынан жүргізуші сол жерде қайтыс болды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді. Қазіргі уақытта тексеру жүргізілуде, болған оқиғаның барлық мән-жайлары белгіленуде», - делінген полиция департаменті берген ақпаратта.



