Алматыда марихуананың ірі партиясы тәркіленді


Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Әуезов аудандық полициясының жедел уәкілдерімен бірлесіп, есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру дерегін анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері құрамында есірткі бар өсімдіктер өсірілетін, жабдықталған фитозертхананы анықтады.
Ғимараттан өзіне тән иісі бар 31 түп өсімдіктер, сондай-ақ арнайы техникалар: шамдар, таразылар, тыңайтқыштар, судың қышқылдығы мен температурасын өлшейтін құрылғылар тәркіленді.
Сараптамаға сәйкес, өсімдіктер – марихуана есірткісі деп танылды, оның жалпы салмағы 21 келіден асады.
Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Мұндай арнайы іс-шаралар «Профилактика жылы» аясында есірткі қылмысын анықтау және жолын кесу бойынша полицияның жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады. Дер кезінде ден қоюға, қызметтер арасындағы белсенді өзара іс-қимылға және жедел ақпаратты тиімді пайдалануға баса назар аударылады», - деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.



