Ақтөбе облысындағы шахтада төтенше жағдай болды


Ақтөбе облысындағы «Болашақ» шахтасында сутегінің тарауы салдарынан төрт жұмысшы зардап шекті. Олардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz «Қазхром» ТҰК» АҚ-ға сілтеме жасап.
Компанияның Instagram-дағы ресми аккаунтында хабарланғандай, Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасының кен өндіру блогында бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде ауа кеңістігінің қысқа мерзімді тұтануы пайда болған.
«Соның салдарынан төрт адамды күйік шалып, олар ауруханаға жеткізілді. Зардап шегушілерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Оқыс жағдайдың себептері анықталып, жою жұмыстары аяқталғанша шахтадағы кен өндіру жұмыстары тоқтатылды», - делінген хабарламада.
Ақтөбе облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«28 ақпанда «Қазхром» ТҰК» АҚ Донской тау-кен байыту комбинатында сутегі тарады. Төрт адам термиялық күйікпен ауруханаға жеткізілді. Полиция тау-кен жұмыстарын немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.



