Мәжіліс депутаты TikTok желісін бұғаттауды ұсынды


Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов Премьер-министр Олжас Бектеновке TikTok әлеуметтік желісіне жас шектеуін қою туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұған дейін депутат Ерлан Сайыров TikTok платформасының қоғамдағы кері әсері туралы тиісті орындарға дабыл қаққан болатын. Бүгін Жанарбек Әшімжанов та осы мәселені қозғады.
«Бүгінгі таңда балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram десек артық болмас. Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері – әсірелеп айтсақ атом бомбасынан кем болмай тұр. Өткен жылы әріптесім Ерлан Сайыров TikTok платформасының қоғамдағы кері әсері туралы тиісті орындарға дабыл қағып еді, селт еткен жан жоқ. Сенатор әріптесіміз Нұртөре Жүсіп «бұрын балалаларды «тәк-тәкпен» тәрбиелейтін едік, қазір TikTok-пен тәрбиелеп жатырмыз» деп еді мінбеден. Өлі тыныштық.
Сөз жоқ, қазір – ақпараттық ғасыр. Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Пайдалы жағы да жоқ емес. Алайда, ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ опық жейміз», - дейді депутат.
Бұл ретте, балалар мен жасөспірімдер арасында ТикТок кеңінен танымал. Соңғы екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркелген. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр.



