«Хабар» және El arna телеарналары бірігеді – Аида Балаева


Қазақстандағы El arna және «Хабар» телеарналарын біріктіру туралы стратегиялық шешім қабылданды. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, бұл шешімде отандық медиакеңістіктегі қарқынды өзгерістер ескерілген және ол мемлекеттік ресурстарды оңтайландыруды көздейді.
«Бұл қадам, ең алдымен, отандық телекомпаниялардың жұмыс тиімділігін арттыруға және қазақстандық контент аудиториясын кеңейтуге бағытталған. El arna және «Хабар» телеарналарын біріктіру 2025 жылдың 1 мамырына дейін аяқталады. El arna-ның барлық құнды контенті «Хабар» арнасының эфиріне өтеді. Бұл үздік жобалардың сақталуына, оларды кең аудиторияға қолжетімді етуге және одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. El arna телеарнасы отандық көркем және деректі фильмдер, сериалдар, сондай-ақ мәдени-ағартушылық бағдарламалар көрсетілетін платформа ретінде маңызды миссия атқарды. Біз бұл арнаның ұлттық кинематография мен телевизияның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз», – деп жазды Аида Балаева.
Оның сөзінше, қайта ұйымдастыру процесі барысында барлық қызметкерлер «Хабар» агенттігіне жұмысқа орналастырылады. Жалақы деңгейі сақталып, олардың тәжірибесі мен білімі жаңа жобаларда сұранысқа ие болады.
El arna телеарнасының бағдарламаларын өндіру және таратуға бөлінген қаржы 24KZ және «Хабар» сияқты стратегиялық маңызды телеарналардың контентін күшейтуге және техникалық базасын уақтылы жаңартуға қайта бөлінеді.
Еске салайық, El arna телеарнасы 2000 жылдың 22 наурызында алғашқы ұлттық мемлекеттік тілдегі арна ретінде «Хабар-2» атауымен құрылды. 2002 жылдың наурызында атауы El arna болып өзгертіліп, екі тілде хабар таратуға көшті.
2014 жылдың наурызында арна өз жұмысын тоқтатып, оның жиілігінде 24KZ жаңалықтар телеарнасы іске қосылды.
2017 жылдың 27 наурызында El arna жаңа форматта отандық киноарна ретінде қайта іске қосылып, 2024 жылдан бастап El arna жастарға арналған ойын-сауық арнасы ретінде қайта құрылымдалды.