Елордада классикалық шығармалар концерті өтті
Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы «Қазақквартет шақырады» циклы аясында «Дударай» классикамен үндестікте» атты Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің концертін ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Концерт «Астана Опера» театрының К. Байсейітова атындағы Камералық залында өтті.
Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті барлық классикалық өнерді сүйетін тыңдармандарды камералық музыка атмосферасына бөледі. Сондай-ақ, осы ерекше және нәзік жанрдың әртүрлі қырларымен таныстырды.
Концерт барысында ұлы композиторлар Л. Бетховен мен Д. Шостаковичтің шығармалары орындалады.
Сондай-ақ, ішекті аспаптар квартеті Людвиг ван Бетховеннің сирек орындалатын «№14 До-диез минор, ор. 131» шығармасын орындады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Бетховен шығармашылығының барлық кезеңдерінде ішекті аспаптар квартеті жанрында еңбек еткен. Әрі ол дәл осы №14 квартетіне бар күшін сарп еткен. Шығарма камералық музыка әдебиетінде ең үздік квартет ретінде мойындалды. Бетховеннің өзі бұл квартетті өзінің ең ұлы туындысы деп есептеген. Сондай-ақ, көптеген танымал композиторлар №14 квартетті керемет туынды деп таныды.
«Бұл концерттік бағдарламаны таңдағанда классикалық музыканың жауһарлары Бетховен, Шостакович сияқты композиторлардың ең философиялық деңгейі терең шығармаларын таңдадық. Аталған шығармалар - әлемнің мықты, бетке ұстар сахналарында орындалатын шығарамалар. Бүгінгі концерт бұл шығармалар біздің елдің сахналарында да орындалуы керек деген негізгі ойдан туындады. Мәселен, Бетховен № 14 квартеті - оның өмірінің соңында жазылған шығарма. Композиторлық новаторлықпен жаңаша жазылған туынды. Өзі ауырып жүрсе де, керең болса да, осы шығарманы Бетховин өте терең жазып шығарған. Шығарма 40 минут орындалады. Үлкен симфония сияқты. Ал келесі шығармаға келсек, бұл - Бетховенді өз кумирі деп таныған Шостаковичтің шығармалары. Бетховен адамзатқа 15 квартет қалдырса, Шостакович те артына 15 квартет қалдырған. Бұл концертте оның 12-ші квартетін орындадық. Бұл да - 2 бөлімнен тұратын өте күрделі, терең шығарма.
Бағдарламаға 1 ай шамасында репетиция жасадық. Концертіміздің соңында осындай классикалық шығармалардан кейін міндетті түрде қазақ композиторларының шығармаларын орындаймыз. Бұл – бізде қалыптасқан дәстүр. Бүгінгі ерекше кеште, яғни концерттік маусымымыздың ашылуында Жагорқызының «Дударай» әнін орындадық. Әнді ішекті аспаптар квартеті өңделген нұсқада орындалады. Оеы композитор Әлиби Әбдинұров жаңаша өңдеп ұсынған болатын», - деді ұжымның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев.
Концерт соңында астаналық көрермен өнерпаздарды ыстық ықыласпен қошеметке бөледі.