Елімізде жас таланттарға арналған музыкалық тележоба басталады

5 наурыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елімізде жас таланттарға арналған музыкалық тележоба басталады
фото: t.me/madenietaqparat

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ZHULDYZDY ZHOL 2025 – вокал, классикалық және халықтық аспаптар сияқты бағыттарды қамтитын, таланттарды тауып, оларды қолдауға арналған бірегей жоба.

Бұл платформа жас музыканттарға өз қабілетін республикалық деңгейде көрсетуге, үздік тәлімгерлерден білім алып, жетістікке жетуге мүмкіндік береді.

Конкурсқа вокал, классикалық немесе халықтық аспаптар санаттары бойынша өнер көрсететін 16 жастан 21 жасқа дейінгі қазақстандықтар қатыса алады.

Тіркелу 5 наурызда басталады және жобаның ресми Instagram парақшасында 2025 жылдың 25 наурызына дейін жалғасады.

Барлық тіркелген қатысушы Instagram әлеуметтік желісі арқылы digital-кастинг-іріктеуден өтеді. Digital-кастингтен сәтті өткен қатысушылар 1-11 сәуір аралығындағы тікелей кастингке шақырту алады. Кастинг кезінде олар кәсіби қазылар алқасының алдында өнер көрсетеді.

Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың техникалық орындауын, әртістік шеберлігін, эмоцияны жеткізуін, репертуарын бағалайды. Іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өткен қатысушылар 2025 жылғы 26 сәуір мен 16 мамыр аралығында өтетін Алматыдағы шығармашылық лагерьге шақыру алады. Лагерьде олар шеберлік сабақтар өтеді, тележобаның түсіріліміне қатысады.

Финал Алматыда осы жылдың 6 шілдесінде өтеді. Жеңімпаздарға дипломдар, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарынан білім гранттары, сондай-ақ халықаралық оқу орындарында білім беру стипендиялары беріледі. Сонымен қатар, жүлдегерлерге ірі мәдени алаңдарда өнер көрсетуге мүмкіндік беріледі.

Жоба серіктестер мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда.